Жаңалықтар

Азаматтар ЭЦҚ кілтін қайта алу кезінде қосымша тексеруден өтуі қажет

Тексерістен екі түрлі жолмен өтуге болады/фото: gov.kz

Енді электрондық цифрлық қолтаңба кілтін қайта алу кезінде азаматтар қосымша тексеруден өтуі қажет.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ pki.gov.kz жеке кабинетінде ЭЦҚ кілтін қайта шығару кезінде қосымша тексеру кезеңін енгізді.

Қосымша тексеру екі жолмен жүргізіледі:

  • SMS арқылы – Қазақстанның мобильді азаматтар базасында тіркелген нөмірге бір реттік код жіберіліп, оны енгізу қажет болады;
  • eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық құжаттағы кодты енгізу арқылы.

Айта кету керек, бұл механизм Қазақстан бейрезиденттеріне қолданылмайды, себебі олардың телефон нөмірі елдің мобильді азаматтар базасында тіркелмеген.

Қабылданған шара пайдаланушылардың ЭЦҚ кілтін заңсыз қолданудан қорғауға, қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.

Бұған дейін eGov.kz электрондық үкімет порталы мен оның құрамдас бөліктерінде (eOtinish сервисі, «Ашық үкімет» порталы) авторизациялау тәртібі жаңарды. Содан бастап азамат ЭЦҚ арқылы жүйеге кіргеннен кейін, өзінің жеке басын 1414 нөмірінен келетін SMS-код арқылы қосымша растауы қажет.