Бектенов инфляцияны төмендету шаралары қарастырылып жатқанын айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады.
Ақорданың хабарлауынша, Тоқаевқа экономикалық реформаларды жүзеге асыру және азаматтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру бойынша бұған дейін берген тапсырмаларының іске асырылуы жөнінде баяндалды.
Олжас Бектенов есебіне сәйкес ішкі жалпы өнім өсімінің 70 пайыздан астамын өнеркәсіп, сауда және көлік салалары қамтамасыз етіп отыр.
«2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында көлік қызметі 20,3 пайызға, құрылыс 14,7 пайызға, сауда 8,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 6,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 5,9 пайызға ұлғайған.
Негізгі капиталға салынған инвестиция 18,5 триллион теңгені құрап, жеке инвестициялардың көлемі 9,8 пайызға өскен», – делінген ақпаратта.
Сөзінше, инфляция деңгейін төмендету шаралары қарастырылып жатыр. Алайда нақты қандай шара сөз болғаны нақтыланбады.
Сондай-ақ желтоқсанда шекарадағы бес өткізу бекетін жаңғырту жұмыстары аяқталған. Қазақстандық тауар өндірушілердің реестрі іске қосылды.
Президент Үкімет басшысына азаматтардың мүддесіне сай еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Айта кетейік, 2025 жылдың қарашасында елдегі жылдық инфляция 12,4% болды. Елдің бес өңірінде инфляция жеделдеді, төртеуінде бұрынғы деңгейде қалды. Ал 11 өңірде баяулады.