Қазақстан экономикасын 2026 жылы не күтіп тұр

2025 жыл Қазақстан экономикасы үшін айқын серпінмен өтті. ЖІӨ өсімі 6%-дан асты. Оған ең бірініші мұнай өндірісі мен ішкі сұраныстың артуы себеп.
Десе де экономикалық белсенділік бір ғана секторға тәуелді болған жоқ. Көлік саласы 20%-дан астам өсім көрсетті, құрылыс қарқынды дамыды, тау-кен өндірісі мен сауда да экономикалық өсімге елеулі үлес қосты.
2026 жыл: өсім неге баяулайды
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) сарапшыларының бағалауынша, 2026 жылы 2025 жылғы жоғары өсімді қамтамасыз еткен факторлар әлсірей бастайды. Мұнай өндірудегі қарқын бәсеңдейді, ал ішкі сұраныс бұрынғыдай болмайды.
Сарапшылар экономиканы қаржылай қолдаудың қысқаруы, қатаң ақша-несие саясаты және кредит берудің азаюын негізгі тежеуші факторлар ретінде атап өтеді. Бұл үрдістер экономиканың ішкі мүмкіндіктерін шектеп, өсім қарқынын баяулатады. Тіпті сыртқы күйзелістер болмаған жағдайда да, экономиканың қайта жедел өсу әлеуеті шектеулі күйде қалады.
Сарапашылар болжамы қандай?
2026 жылға арналған ресми және халықаралық болжамдар бір-біріне жақын, бірақ 2025 жылғы деңгейден төмен.
Ұлттық экономика министрлігі жалпы ішкі өнім 5,4% өседі деп болжаса, Халықаралық валюта қоры 4,8% деңгейінде қалыптасады деген пікірде. Екі болжам да экономиканың баяулау кезеңіне өтетінін көрсетеді.
Халықаралық валюта қорының бағалауынша, 2026 жылы әлемдік экономиканың өсімі 3,1%-ға дейін баяулайды. Бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі және ұзақмерзімді орташа деңгейден төмен. Мұндай ахуал Қазақстан үшін сыртқы сұраныстың әлсіреу қаупін күшейтеді.
Сарапшылар келер жылы әлемдік нарықта мұнай бағасы арзандауы мүмкін деп болжайды. Шикізат құнының төмендеуі ел қазынасына түсетін қаржыны азайтып, экономиканың баяулауына әкеп соғады.
Ұлттық экономика министрлігінің бағалауынша, 2026 жылы тауар экспорты 77,1 млрд долларды, ал импорт көлемі 67,7 млрд долларды құрайды. Нәтижесінде сыртқы сауда профициті 9,4 млрд долларға дейін қысқарады. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда шамамен 16 пайызға аз.
Сонымен қатар негізгі сауда серіктестері экономикасында өсімнің баяулауы және өңірлік әрі жаһандық геосаяси тұрақсыздық сыртқы ортадағы белгісіздікті арттыра түседі.
Бұл ретте АҚШ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені төмендетуі дамушы нарықтарға қысымды біршама азайтып, капитал қозғалысын ішінара қолдауы мүмкін. Алайда бұл фактор мұнай бағасының төмендеуінен туындайтын теріс әсерді толықтай өтей алмайды.
Бұған дейін ел экономикасында 2025 жылы орын алған елеулі оқиғалар туралы жазған едік.