Қазақстандықтар қаржысын қай банктерде сақтайды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандықтардың банк депозитінде сақтап отырған ақшасы тағы бір рекордты жаңартты. Ranking.kz Ұлттық банк деректеріне сүйене отырып, халықққа тиесілі депозит 226,7 трлн теңгеге жетті деп хабарлайды. Бір айдың ішінде бұл көрсеткіш 1,1%-ға немесе 282,7 млрд теңгеге өскен. Ал бір жылдағы өсім 17,8%-ды құрады.

Елдегі ірі банктер арасында халық салымдарының айлық өсімі бойынша Bank RBK көш бастап тұр. Банктегі жеке тұлғалардың депозиттері бір айда 27,9%-ға (169,7 млрд теңгеге) артып, 777,7 млрд теңгеге жетті. Жылдық өсім 43,8%-ды құрады.

Екінші орынды Bereke Bank иеленді. Банктегі депозиттер бір айда 3,9%-ға артып, 853,1 млрд теңгеге жетті. Ал үштікті Отбасы банк түйіндеді: мұнда халық салымдары 2,4%-ға өсіп, жалпы көлемі 2,7 трлн теңгені құрады.

Жеке тұлғалардың депозиттері шоғырланған үздік он банктің қатарында оң динамиканы сақтаған өзге қаржы институттары да бар. Атап айтқанда, Freedom Bank салымдары 1,6%-ға артса, Kaspi Bank-та өсім 0,7% болды. ForteBank-та айлық өсім өте мардымсыз болғанымен, көрсеткіш оң аймақта қалып, 0,05%-ды құрады.

Жалпы алғанда, Қазақстандағы халық салымдарының шамамен 96%-ы елдің жетекші 10 банкіне тиесілі. Бұл – 25,5 трлн теңге. Қалған банктерде жеке тұлғалардың депозиттері бар болғаны 1,2 трлн теңгені құрайды.

Халық депозиттерінің жалпы банк салымдарындағы үлесі 57,7% деңгейінде қалды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен бірдей.

Яғни, жеке тұлғалар әлі де қазақстандық банктер үшін негізгі қаржыландыру көзі болып отыр, ал депозит – халық үшін ең тартымды қаржы құралдарының бірі.

Допозиттер жоғары сыйақысымен тартымды болып тұр. Қараша айының соңында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18% деңгейінде қалдырған. Бұл өз кезегінде халыққа арналған депозиттердің кірістілігі алдағы уақытта да жоғары болатынын байқатады.

Сондай-ақ оқыңыз