Мұнай-газ жобаларының қоғамдық тыңдауларына кездейсоқ аудит жүргізілмейтін болды

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстандағы мұнай-газ жобаларының қоғамдық тыңдауларын кездейсоқ аудит арқылы тексеруді бұған дейін депутаттар ұсынған еді. Алайда премьер-министр Олжас Бектенов бұл ұсынысты орындауға бейіл болмай шықты.

Жалпы мұнай-газ саласында 2023 жылы ашық түрде 3082 (өтті – 2897, өтпеді – 185), 2024 жылы 3496 (өтті – 3247, өтпеді – 249), 2025 жылдың 10 айында 3096 (өтті – 2896, өтпеді – 200) қоғамдық тыңдау ұйымдастырылған.

Ашықтықты, жобаларға еркін қол жеткізуді, сондай-ақ жұртшылықтың шешім қабылдауға қатысуын қамтамасыз ету үшін министрлік «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп «eGov mobile» электрондық үкіметінің мобильді қосымшасында «қоғамдық тыңдау» компонентінің мобильді нұсқасын әзірлеген. Онда азаматтар қоғамдық тыңдау кезінде өз ұсыныстары мен ескертулерін енгізе алады. Ресми іске қосу соңғы тестілеуден, техникалық қателер жойылғаннан және келесі жылы «eGov mobile» жүйесі жаңартылғаннан кейін жоспарланып отыр.

«Қоғамдық тыңдау өткізу кезінде туындаған кез келген мәселелер (бұзушылықтар) қолданыстағы мемлекеттік бақылау және шағымдану тетіктері шеңберінде реттеледі. Бұл ретте құқық бұзушылық құрамын айқындау уәкілетті органдардың құзыретіне жатады. Баяндалғанға сәйкес қазіргі нормативтік база тиісті түрде орындалғанда тиімді болғандықтан, заңнаманы өзгерту бойынша қосымша шаралар (жаңа стандарттарды, тәуелсіз сараптама тетіктерін енгізу, рәсімдерді тоқтата тұру немесе жауапкершілікті күшейту) талап етілмейді. Жалпы қоғамдық тыңдау рәсімдерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру мәселелері Үкіметтің бақылауында», – дейді Олжас Бектенов.

Еске сала кетейік, бұған дейін депутат Айдос Сарым Қазақстандағы мұнай-газ саласы жобалары бойынша қоғамдық тыңдауларға қатысты жағдай нашарлап кеткенін мәлімдеген еді. Оның айтуынша, кейбір қоғамдық тыңдаулар формальды сипат алып, нақты экологиялық мәселелерді жасырып, азаматтық қоғамның пікірін елемейтін рәсімге айналған. Бұл жағдай сарапшылар мен қоғам арасында наразылық тудырып, әлеуметтік шиеленіс пен қақтығыстарды күшейтеді.

Жақында Атырау облысы, Доссор қаласында NCOC компаниясы Қашаған кен орнын игеру жобасы бойынша қоғамдық тыңдаулар өткізді. Тыңдаулар жобаның 2050 жылға дейінгі қоршаған ортаға әсерін бағалауға арналды. Алайда іс-шара экологтар мен белсенділердің өткір сынына, тіпті наразылығына ұшырады. Олардың негізгі шағымы – тыңдаулардың заңдылығы: азаматтық қоғам белсенділері келісімшарт мерзімі 2043 жылы аяқталатынын ескеріп, жобаның 2050 жылға дейінгі мерзімін заңсыз деп санаған. Осыған байланысты депутат өкілетті органдарға соңғы үш жылда мұнай-газ жобалары бойынша қоғамдық тыңдаулардың заңнамалық талаптарға сәйкестігін кездейсоқ аудит арқылы тексеруді тапсыруды сұраған.

Сондай-ақ оқыңыз