Мектеп директорлары енді 10 жылдан артық қызмет ете алмайды

Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитеті төрағасы Қаныбек Жұмашев елдегі мектептерде директордың қызмет ету мерзімі шектелетінін мәлімдеді.
ОКҚ алаңында журналистің сұрағына жауап берген комитет төрағасы енді мектеп басшылары бір орнында 10 жылдан артық отыра алмайтынын айтты.
«Бізде ротация тәртібі арнайы ережемен бекітілген. Соған сәйкес ротация бір елді мекеннің шегінде ғана жүзеге асырылады. 10 жылдан астам басшылық қызметте отырған мектеп басшылары бар. Алдағы уақытта ротациялау ережесіне біз өзгеріс енгізіп жатырмыз. Соған сәйкес, болашақта мектеп басшылары 5 жылдан екі рет, яғни толыққанды 10 жыл бір мектепте директор бола алады. Содан кейін ол ары қарай мектеп басқаруға жатпайды», – дейді Қаныбек Жұмашев.
Айта кетейік, бұған дейін Kursiv.Media 2025 жылы білім беру жүйесінде болған басты жаңалықтарды, резонанс тудырған шешімдер мен қоғам назарындағы талқыларды жүйелеп, оқырман назарына ұсынған еді.