Жаңалықтар

Енді инвестициялық прокурорлар жұмыс істей бастайды

Фото: gov.kz

Қазақстанда инвесторлардың құқығын бұдан былай Бас прокуратураның үйлестіруімен Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті қорғайды.

Инвестициялық прокурорлардың міндеті қандай

Бас прокуратурада Инвестициялар комитеті мен «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының өкілдері қатысқан жұмыс кеңесі өтті. Кеңесте инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.

Жақында Президент жарлығымен Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылған. Инвесторлардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру мақсатында инвестициялық омбудсмен функциялары Бас Прокурорға жүктелді. Енді өңірлерде инвестициялық прокурорлар жұмысын бастайды.

Жаңа комитеттің негізгі міндеттері – инвестициялық қызмет саласында қадағалауды күшейту, инвесторлардың құқықтарын қорғау және олардың бұзылуына жол бермеу. Сондай-ақ құқықбұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және жою, осы саладағы ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету көзделген.

Бұдан бөлек, инвесторлардың қатысуымен туындайтын дауларды сотқа дейін реттеу, орындауға міндетті нұсқамалар беру, сондай-ақ инвесторлар құқығын қорғау бағытында халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты жүзеге асыру комитеттің құзыретіне жатады.

76 трлн теңгенің жобасын бақылап отыр

Елде жалпы «Прокурорлық сүзгі» тетігі енгізілді. Ол инвесторлардың құқықтарын қорғайтын мемлекеттік органдардың шешімдерін прокурормен міндетті түрде келісуді көздейді. Аталған тетік енгізілген сәттен бастап прокурорлар 1 100 шешімге келіспей қайтарылып, 400 тексеру, 480 әкімшілік іс жүргізу және 210 өзге де шектеу шараларының жолы кесілген.

Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ірі халықаралық және жоғары технологиялық инвесторларды қолдауға бағытталған «Жасыл дәліз» тетігі іске асырылып жатыр. Бұл тетікке 137 инвестициялық жоба енгізілген. Бұл бойынша 16 мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Қазір прокурорлар жалпы құны 76 трлн теңгені құрайтын 1 790 инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. Жалпы сомасы 23 трлн теңге болатын жобаларды іске асырып жатқан шамамен 2 мың инвесторға нақты құқықтық көмек көрсетілген. Инвесторлардың өтініштерін қарау кезінде жол берілген созбалаңдық пен кедергілер үшін 326 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.