
Су ресурстары және ирригация министрлігі мен германиялық HUESKER компаниясы суармалы су шығынын азайту үшін ирригация каналдарында заманауи геотекстиль материалдарын енгізу жобасын әзірлеуді бастады.
Министрлік мәліметінше, жоба аясында су шығынын азайтуға арналған арнайы геотекстиль материалдарын қолдану көзделген.
«Біз Су ресурстары және ирригация министрлігімен және басқа да жергілікті серіктестермен соңғы екі жыл бойы тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеміз. Өз шешімдерімізді ұсынып, барлық қажетті тексерістен өттік. Нәтижесінде Қазақстанда пилоттық жобаны сәтті жүзеге асырдық. Қазіргі уақытта біздің гидротехникалық құрылыс саласындағы технологияларымыздың ірі нысандарда да тиімді қолданылатынын көрсету мақсатында ауқымды жобаны әзірлеп жатырмыз», – дейді HUESKER компаниясының коммерциялық директоры Стефан Вестхус.
Айта кетейік, Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы «Өтеміс» каналында HUESKER компаниясының INCOMAT геотекстиль материалы негізінде пилоттық жоба іске асырылған. Материал нақты жағдайларда тұрақты тиімділігін көрсеткен. Бұл су шығынын азайтып, суды басқару сапасын арттыруға ықпал еткен.
Қазіргі уақытта пилоттық жобаны кеңейту және технологияны басқа ирригация каналдарының учаскелерінде енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Бұған дейін Үкімет басшысы Олжас Бектенов су тапшылығы жағдайында сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін кешенді шараларды іске асыруды тапсырған еді.