
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке журналистер Қазақстан азаматтарының жеке деректерінің таралып кетуі жайлы сұрақты тағы қойды.
Бір сағатқа жуық есеп берген Жаслан Мәдиев азаматтардың жеке деректерінің таралып кету тақырыбын айналып өткендей болды. Журналистер сұрағында осы мәселеге назар аударды.
«Осы жылдың ішінде 16 млн адамның жеке деректері таралып кетті. Ақпараттық қауіпсіздікке үлкен қатер төндіріп тұр. Осы мәселе сіздердің жұмыстарыңыздың әлсіздігін көрсетіп тұрған жоқ па? Банктерге жеке азаматтардың деректерін сату бойынша қанша дерек тіркелді?» – деп сұралды министрден.
Сұраққа жауап берген Жаслан Мәдиев жылдық есебінде киберқауіпсіздік тақырыбын атап өткенін айта келе, елде бірнеше заңнамалық өзгерістер енгізілгенін, биометриалық технологиялар қолданысқа кіргенін айтып өтті. Айыппұл мәселесі қарастырылғанын да жеткізді. Алайда сұрақтың толық жауабын өзінің орынбасары Досжан Мұсалиевке ысырды.
Вице-министр 16 млн азаматтың жеке деректерінің таралып кетуі 2020 жылы болғанын айтты. Сөзінше, ол мәліметтердің қалай таралып кеткені де анықталған.
«Сол жүйелерге кіруге рұқсаты бар адамдардың компьютерлерін немесе есеп жазбасындағы логин, парольдерін алып, солар арқылы бүкіл жүйедегі ақпараттарды алып шыққан. Бұл мәліметтердің бәрін құзырлы органдарға бердік. Ол жерде қылмыстық іс жүріп жатыр. Іс біткеннен кейін жауап беріледі», – дейді ол.
Досжан Мұсалиевтің айтуынша, әр ақпараттық жүйенің өз иесі болады. Ақпараттық жүйелердің иелері сол мәліметтерге жауапты. Талаптардың бәрі заңда жазылған.
«Біздің жұмысымыз – талаптардың бәрін жазу және олардың орындалуын қадағалау. Тексеру барысында соның бәрін қарау. Сондықтан оларға оған өздері жауапты. Қауіпсіздік талаптарын орындамаса солай болуы мүмкін. 16 млн адамның жеке деректері туралы жайлы айтсақ, бұған дейін идентификация, биоемтриясын анықтау болмаған. Сондықтан сол логин, кілт сөздерді басқа да қызметкерлер пайдалана берген. Солай болмас үшін біз желтоқсанда биометрияны 100 мың деректен асқан ақпарат жүйелеріне биометрияны міндетті еттік», – дейді Мұсалиев.
Бұған дейін жиында Жаслан Мәдиев жасанды интеллект уақыт өте келе мемлекеттік қызметкерлерге міндетті дағдыға айналатынын айтқан.