Қазақстандықтар зейнетақы қорынан тұрғын үй мен ем-домға 1 трлн теңге алған

2025 жылдың 11 айында қазақстандықтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге 1 трлн теңгеден астам қаражат алды. Бұл зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану әлі де жоғары деңгейде сақталып отырғанын көрсетеді.
БЖЗҚ деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 1 желтоқсанда зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі 25,82 трлн теңгеге жетті. Бір жылдағы өсім 3,72 трлн теңгені немесе 16,8%-ды құрады. Жинақтардың артуына зейнетақы жарналарының түсуі мен инвестициялық табыс әсер еткен.
Негізгі үлес міндетті зейнетақы жарналарына тиесілі. 1 желтоқсанда олардың көлемі 24,39 трлн теңгеден асты. Бір жылда 14,9%-ға өскен. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен жиналған қаражат 724,44 млрд теңгені құрап, жылдық өсім 12,7% болды.
Ең жоғары өсім ерікті зейнетақы жарналары бойынша тіркелді: бір жылда 26,3%-ға артып, көлемі 9,58 млрд теңгеге жетті. Ал 2024 жылдан бастап енгізілген жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары бойынша жинақтар 691,53 млрд теңгені құрады.
Осы кезеңде БЖЗҚ-дан жасалған барлық төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударым көлемі 1,7 трлн теңгені құрады.
Бұл өткен жылдағы көрсеткіштен 50,5%-ға көп. Төлемдердің негізгі бөлігі тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдеріне тиесілі. 11 айда бұл мақсатқа 1,01 трлн теңге бағытталған.
Сонымен қатар мұрагерлік бойынша 56,6 млрд теңге, Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге байланысты 40,3 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға 2,85 млрд теңге, жерлеуге 9,65 млрд теңге төленді. Сақтандыру ұйымдарына 356,43 млрд теңге аударылған.
Зейнет жасына байланысты төлемдер де өсті. 2025 жылдың 1 желтоқсанында бұл төлемдер көлемі 221,55 млрд теңгені құрап, бір жылда 19,5%-ға артты. Ал БЖЗҚ-дан зейнет жасына жеткен азаматтарға төленетін орташа айлық төлем 35 726 теңге болды.
Зейнетақы шоттарының саны да көбейіп келеді. 1 желтоқсанда БЖЗҚ-дағы барлық зейнетақы шоттарының саны 18,15 млн-ға жетті. Яғни бір жылда 1,09 млн-ға немесе 6,4%-ға көбейді.
Оның 12,7 миллионы – жеке зейнетақы шоттары. Қалған 5,45 млн – жұмыс берушінің міндетті жарналары есепке алынатын шартты шоттар.
Бұғана дейін БЖЗҚ қорда қалуы тиіс қаражат шегін көтерген болатын. Қордан қаражат алу көбейіп кеткен соң, БЖЗҚ қаражатын пластикалық ота, стоматология мен офтальмологияға пайдалану тоқтатылды.