БАҚ: украин дрондары Орынборда қазақ газын өңдейтін зауытқа соққы жасады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Орынбор газ өңдеу зауыты
Орынбор газ өңдеу зауыты / фото: REUTERS/Alexander Manzyuk

Украина Орынбордағы газ өңдеу зауытына дрондармен шабуыл жасады. Бұл туралы Bloomberg хабарлады. Зауытта негізінен Қарашығанақта өндірілген шикі газ өңделеді.

«Қашыққа ұшатын дрондар Орынбор газ өңдеу зауытына сәтті соққы жасады. Нысан Киевтен шығысқа қарай шамамен 1700 км қашықта орналасқан. Бұл туралы жағдайды жақсы білетін дереккөз хабарлады. Ол аты-жөнін атаудан бас тартты, өйткені ақпарат ресми емес», – деп таратты Bloomberg.

Ақпарат агенттігі мәліметті тәуелсіз дереккөздер арқылы тексере алмады.

Украин дрондары кейінгі екі айда Орынбордағы зауытқа екінші мәрте соққы жасап отыр. Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 19 қазанда ресейлік осы кәсіпорын дрондар шабуылына ұшырап, ірі зауыт Қазақстаннан шикізат қабылдауды уақытша тоқтатқан. Сол кезде Қарашығанақ кен орнында мұнай мен газ өндірісі қысқарған.

Бұл зауыт шикі газды арзанға сатып алып, өңделген көгілдір отынды Қазақстанға үш есе қымбат бағаға сатып отыр.

Бір күн бұрын, 24 желтоқсанда кешке Қазақстан сыртқы істер министрі  Ермек Көшербаев Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майконы қабылдады. Шағын ғана ресми мәліметте дрондар шабуылы туралы ештеңе айтылмады.

Қазақстан онсыз да Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы қазақ мұнайы экспортын шектеуге мәжбүр болып отыр. Себебі КҚК терминалы да дрондар шабуылынан зардап шекті.

Бұған дейін депутат Айдос Сарым дрондардың энергетикалық нысандарға шабуылын құптаған азаматтарды «террорист», «сатқын» ретінде жауапқа тартуды талап еткен.

Сондай-ақ оқыңыз