
26 желтоқсанда Air Astana әуе компаниясының Фукуок-Алматы рейсін (КС 162) орындайтын жолаушы ұшағы әуежайға қайта оралуға мәжбүр болды. Компания себебін «дәретхананың істен шығуымен» түсіндірді.
Ресми мәлімет бойынша, ұшақ әуежайдан 10 сағат 04 минутта ұшып шығып, жергілікті уақыт бойынша 14 сағат 14 минутта аман-есен қонды. Ол әуеде 4 сағаттан астам уақыт бойы ұшып жүрген.
«Қазір ақауларды жою жұмыстары жүріп жатыр. Рейстің ұшуы 27 желтоқсанға, жергілікті уақыт бойынша 04.00-ге дейін кейінге қалдырылды», – деп таратты әуе компаниясы.
Жолаушыларға ыстық тамақ пен сусын ұсынылды. Әуе компаниясы жолаушыларды қонақүйге жеткізу және орналастырумен айналасып жатыр.
Air Astana рейс кешіккені үшін кешірім сұрайды.
Фукуок – Вьетнамдағы ең үлкен арал. Туристер онда демалуға жиі барады.
26 желтоқсанда Lufthansa ұшағы Алматыға шұғыл қонуға мәжбүр болды: жолаушылардың бірі бортта көз жұмған.