Жаңалықтар

Моңғол үкіметі Баян-Өлгейде қазақша жер-су атауларын өзгерткісі келеді

Моңғолия Баян-Өлгей аймағы
Баян-Өлгейдегі бүркітші / фото: shutterstock

Моңғолия үкіметі Баян-Өлгей аймағында қазақша жер-су атауларын өзгертуді көздейтін қаулы жобасын талқылап жатыр. Құжат қабылданса, осы қазақтар көп тұратын өңірдегі 319 жер-су атауы моңғолша болады. Бұл туралы Kursiv.Media моңғол баспасөзінде тараған мәліметтерге сүйене отырып хабарлады.

Үкімет құжат жобасын жергілікті парламент – Ұлттық құралға ұсынады. Жобада аймақтағы жер-су атаулары «ұлттық тіл мен тарихи дәстүрге» сай өзгертілетіні айтылған.

Urug сайтының дерегінше, таулар мен өзен-көлдердің аттары біртіндеп өзгертіледі. Жергілікті тұрғындардың да пікірі ескеріледі. Карталар мен ресми құжаттар, мәліметтер базасы жаңартылады. Жұмысқа жергілікті атқарушы билік, зерттеушілер мен тіл мамандары қатысқан.

Қарар қабылданған жағдайда, Баян-Өлгей аймағының географиялық номенклатурасы өзгеріске ұшырайды.

Тағы бір басылым аймақта бір жыл бұрын елдімекен атауларын өзгерткен 14 шенеунікке қарсы іс қозғалғанын, олар жазаланғанын жазды.

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында шамамен 111 мың адам тұрады. Өңір халқының шамамен 90%-ы – қазақ.