
Lufthansa әуе компаниясының Мюнхен – Бейжің бағытымен ұшқан LH 0722 рейсінің жолаушысы әуе рейсі кезінде көз жұмды. Борт Алматы халықаралық әуежайына шұғыл қонды. Бұл туралы Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі хабарлады.
Жолаушы есінен танып қалған соң, экипаж шұғыл қону туралы шешім қабылдаған. Әуе кемесіне Алматы халықаралық әуежайының медициналық қызметі мен қалалық жедел жәрдем бригадасы дереу жіберілген.
«Медицина қызметкерлері келген сәтте жолаушы ұшу барысында көз жұмғаны анықталды», – делінген хабарламада.
Алдын ала болжам бойынша өлім себебі – жедел жүрек жетіспеушілігі. Оқиғаға байланысты Қазақстанда қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Барлық рәсімдер аяқталған соң, ұшақ Алматыда жанармай құйып, жергілікті уақыт бойынша 7:56-да қайта ұшты.
Еске салайық, Ақтау маңындағы әзербайжандық AZAL ұшағының апатқа ұшырағанына жыл толуына орай Қазақстанның Көлік министрлігі осы уақытқа дейін белгілі болған тергеу қорытындысын жария етті.