Жаңалықтар

Автокөлік одағы «Жасыл даму» компаниясымен жасырын келісімді теріске шығарды

Фото: shutterstock

Бұқаралық ақпарат құралдарында «Жасыл даму» ҰК АҚ-ның елдегі ең ірі зауыттар – «СарыарқаАвтоПром» мен Astana Motors компанияларымен күмәнді мәмілелер жасағаны жөнінде ақпарат тарады. Алайда «Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) бұл мәліметтерді жоққа шығарып, оларды саланың абыройына нұқсан келтіретін жалған ақпарат деп атады.

БАҚ беттерінде осыған дейін тараған ақпараттарда автокөлік өндірушілер «Жасыл даму» компаниясынан қайтарымсыз қаржы алғаны немесе активтердің 25%-дан астамына тең мүлікті сатып алғаны туралы айтылған.

ҚАО мәліметінше, зауыттар «Жасыл даму» операторынан қаражат немесе мүлік алған жоқ. Керісінше, олар шығарылған әрбір көлік үшін утильалымды уақтылы төлеп келеді деп түсіндірді.

«Автокөлік өндірушілер «Жасыл даму» АҚ-нан ешқандай мүлікті сатып алмайды. Сонымен қатар, отандық автокөлік өндірушілер өндірілген әрбір көлік бірлігі үшін утилизациялық төлемдерді толық көлемде «Жасыл даму» АҚ-ның шотына ақшалай қаражат аудару арқылы жүзеге асырып келеді», делінген хабарламада.

Автокөлік одағы «Жасыл даму» басшылығынан ресми түсініктеме талап етті, өйткені БАҚ-та жарияланған мәліметтер осы ұйымның жауабына сүйенген.

«Жалған ақпарат таратқаны үшін ірі айыппұлдан бастап, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондықтан журналистер мен медианы ресми ақпаратты тексеріп, халықты адастырмауға шақырамыз», – деп ескертті ҚАО өкілдері.

Бұған дейін «Жасыл даму» «СарыаркаАвтоПром» (Қостанайдағы зауыт, Allur Group құрамына кіреді) және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan («Астана Моторс» компаниясының Алматыдағы мультибрендті зауыты) компанияларымен жасалған келісімдерді жарияланған болатын.

Бұл келісімдер туралы алғаш рет «Жасыл дамудың» корпоративтік құжатында айтылған. Құжат Қаржылық есептілік депозитарийінің сайтында жарияланған. Онда мәмілелердің мақсаты – Қазақстанда экологиялық таза көлік, соның ішінде электрокар өндірісін ынталандыру екені көрсетілген.