Неге сыйақы мұғалімдердің бәріне бірдей берілмейді – министрлік түсіндірді

Қазақстандық мұғалімдерге мереке қарсаңында сыйақы беріледі, алайда барлығына бірдей емес. Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев мұның себебін түсіндіріп берді.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг кезінде журналистер комитет басшысынан, неге кейбір мұғалімдер, әсіресе ауылдық жерлерде, еңбек жолында бірде-бір рет сыйақы алмағанын сұрады.
Қаныбек Жұмашевтың айтуынша, білім басқармалары, аудандық бөлімдер мен мектептердің қаржыландырылуы және қаражатты есепке алуы бөлек жүргізіледі.
«Елімізде шамамен 8000 мектеп бар. Осы мектептердің жылдық қаржылық есептерін 220-ға жуық аудандық білім бөлімі қабылдап, келесі жылға арналған бюджеттерін бекітеді. Сыйақы беру мөлшері мен мүмкіндігі нақты бір ауданның немесе қаланың қаржылық түсімдеріне тікелей байланысты. Егер табыс көздері көп болып, қаржы мектептерге теңдей бөлінсе, онда мұғалімдердің сыйақы алу мүмкіндігі де жоғары болады. Яғни, сыйақы мәселесі өңірдің қаржылық әлеуетіне байланысты», – деп түсіндірді комитет басшысы.
Ауылдық жерлерде мұғалім мамандығы еңбекақысы жоғары салалардың бірі саналатынын айтады. Комитет төрағасы мемлекеттік мерекелер қарсаңында сыйақы төлеу қарастырылған деп сендірді.
«Әдетте мұндай сыйақылар білім беру ұйымының, яғни мектептің жылдық бюджетінен үнемделген қаражат есебінен беріледі. Бізге келіп түскен ақпарат бойынша, әсіресе жаңа басқару форматына өткен, шаруашылық жүргізу құқығындағы мектептерде оң өзгерістер байқалады. Мемлекеттік мерекелер алдында педагогтарға белгілі бір мөлшерде сыйақы төленіп отырады», – деді ол.
Сондай-ақ Қаныбек Жұмашев елдегі мектептерде директордың қызмет ету мерзімі шектелетінін мәлімдеді. Комитет төрағасы енді мектеп басшылары бір орнында 10 жылдан артық отыра алмайтынын айтты.