Жаңалықтар

Bek Air апатына 6 жыл: ұшқыштар сотталды, өтемақы төленбеді

Апат 2019 жылдың 27 желтоқсанында болды/фото: Reuters

Алты жыл бұрын Bek Air әуе компаниясына тиесілі Fokker 100 ұшағы Алматыда апатқа ұшырады.

2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан елордаға ұшып шыққан әуе кемесі аспанға көтерілу кезінде әуежайдың бетон қоршауына, кейін бірнеше метр қашықтықта орналасқан жеке тұрғын үйге соғылды. Ұшақ бортында 93 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі болған. Салдарынан 69 адам жарақат алып, 12 адам қаза тапты.

2021 жылдың мамырында Талғар ауданының шенеуніктері мен бір риэлтор сотталды.

Шенеуніктер сотталды

Рустам Тұрысбеков, Жарас Машимбаев, Медеу Қалыбеков, Берік Абдуллаев, Қайрат Алтынбекұлы, риелтор Нұрайым Алданыш Алматы халықаралық әуежайы маңында үй салуға тыйым бар аумақта жер телімдерін заңсыз түрде бергені үшін кінәлі деп танылды.

Оларға берілген жаза мерзімі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылыққа орай жеңілдетілді.

Ұшқыштан үш рет жауап алынды

Апат кезінде ұшқыш Марат Мұратбаев оқиға орнында қаза тапты. Ал екінші ұшқыш Миржан Молдақұлов бірнеше айдан кейін үйінде қайтыс болды. Ұшқыш ауруханада жатқан кезде одан бірнеше рет жауап алынған.

«Тірі қалғанының өзі таңғаларлық жайт. Тыныш жерде емделудің орнына әкемнен жансақтау бөлімінде үш рет жауап алынды. Әкеме әсері қатты дәрілер салынған еді. Адвокатты шақырмастан сағаттап тергеді. Әкеме ауыр операция жасалғаннан екі-ақ күн өткеннен кейін тергеді. Мұны тергеу деп атауға ауыз бармайды. Бұл – азаптау. Онсыз да ауыр жағдайда жатқан адамды әлсіретті», – дейді марқұм болған ұшқыштың қызы.

фото: shutterstock

Екі ұшқыш кінәлі деп танылды

Ұшақ апатына байланысты тергеу бес жылға созылды. Тергеушілер апатқа ұшақты басқарған екі ұшқыш кінәлі деп, оларға әуе көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқты деген айып тағылды.

Сот барысында апаттан аман қалған азаматтар, сот-медициналық сарапшылар, басқа да әуекомпаниялардың ұшқыштары, марқұмның туыстарынан жауап алынды.

Апаттан аман қалған Нұрлан Төлебаев әйелі және екі қызымен бірге ұшақта болған. Ол кезде үлкені небәрі алты жаста, кішкентайы жасқа да толмаған. Ұшақта генерал Хайдаровтың жанында үшінші қатарда отырған. Ұшпай тұрып, орын ауысып, әйелі бос орынға жайғасқан. Апатқа ұшыраған кезде есінен танып қалған, оянған бетте әйелін іздеген. Сол кезде әйелінің үйінді астында қалғанын, қыздарын жақын маңдағы үйлерге алып кеткенін білген. Құтқарушылармен бірге әйелін үйінді астынан шығарып алған. Төлебаев іске жәбірленуші ретінде қатысты.

Ал ұшқыш Марат Мұратбаевтың жесірі күйеуінің басқалардың өмірін сақтап қалу жолында қаза тапқанын айтты.

«6 жыл бойы не істедіңіздер? Әуежай, заңсыз салынған үйлерге неге қызығушылық танытпайсыздар? Бізде ұшқыштарды ешқашан ақтап шыққан емес. Олар өліп кетті, ештеңе айта алмайды», – деді ол.

Алматы қаласы Түрксіб ауданы сотының үкімімен апатқа екі ұшқыш кінәлі деп танылды. Олардың өмірден өтіп кеткеніне байланысты ешқандай жауапкершілік қарастырылмайды.

Марқұм ұшқыштың қызы сот үкіміне шағым түсіретінін айтты.

Bek Air мүлкіне тыйым салынған

Сот шешімінде Bek Air әуе компаниясының мүлкі жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары толық қаралып, шешімін тапқанға дейін аресте қала беретіні айтылған. Талап-арызға сай өтемақы мөлшері азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады. Азаматтар 4,8 миллиард теңге өндіруді сұрап отыр.