Камбоджа мен Таиланд шекарадағы атысты уақытша тоқтатуға келісті

Камбоджа мен Таиланд шекарадағы атысты тоқтату уақытша жөнінде келісімге келді. Камбоджа билігі бейбіт келісімге бүгін қол қойылғанын растады. «Синьхуа» агенттігінің мәліметінше, құжат 27 желтоқсан күні күшіне енеді.
Келісім Таиландтың Чантхабури провинциясындағы шекаралық бақылау-өткізу пунктінде жасалды. Құжатқа Таиландтың қорғаныс министрі Наттхапхон Накпханит пен Камбоджа премьер-министрінің орынбасары Теа Сейха қол қойды.
Екі ел арасындағы шекара дауы жаз айларында ушығып, бірнеше қасиетті буддистік храм орналасқан аумақ негізгі талас нүктесіне айналды. Сол кезде қақтығыс салдарынан 48 адам қаза тауып, 300 мың адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Сол кезде АҚШ тараптарды келіссөз үстеліне отырғыза алған еді.
Қақтығыс уақытша тоқтатылғанымен, 8 желтоқсанда шекарадағы шайқастар қайта басталды.
12 желтоқсанда АҚШ предиденті Дональд Трамп телефон арқылы жүргізілген келіссөзден кейін тараптар атысты тоқтатуға келіскенін мәлімдеген. Алайда шекарадағы қақтығыстар келісімге қол қойылғанға дейін жалғаса берген.