Жаңалықтар

Махмұд Сабырхан мен Наталья Богданова жылдың үздік боксшысы атанды

Наталья Богданова - әлем чемпионы
Наталья Богданова – үздік боксшы / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандық боксшылар Махмұд Сабырхан мен Наталья Богданова World Boxing нұсқасы бойынша «Жылдың үздік боксшысы» атанды. Бұл туралы Ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Дауыс беру қорытындысы бойынша ерлер арасында Махмұд Сабырхан ең көп қолдауға ие болып, жыл үздігі атанды. Ал әйелдер арасында Наталья Богданова жанкүйерлердің таңдауына лайық деп танылды.

Сонымен қатар, Астанада өткен Әлем кубогының ширек финалында Махмұд Сабырхан мен филиппиндік Аарон Джуд арасындағы жекпе-жек «Жылдың ең үздік айқасы» деп танылды.

Дауыс беру Instagram әлеуметтік желісінде өтті. Әрбір «лүпіл» бір дауыс ретінде есептелген.

Бұған дейін World Boxing ерлер мен әйелдер арасындағы алғашқы әлемдік рейтингті жариялаған. Бұл тізімде әйел боксшылар арасында Назым Қызайбай, Аида Әбікеева, Наталья Богданова өз салмақ дәрежесінде көш бастады.

Ерлер рейтингінде өзбек боксшылары Абдумалик Халыков пен Асадхуджа Муйдинхуджаев бірінші орында тұрды.