«Қожа ренжіп кетті»: Алматыда Нұрлан Сегізбаевты ақтық сапарға шығарып салды

Бүгін 28 желтоқсан Қазақстан Жазушылар одағында көрнекті кино актері, сценарист, кинодраматург, философ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Санжарұлы Сегізбаевты соңғы сапарға шығарып салу рәсімі өтті.
Қаралы жиынға марқұмның туыстары, жақындары, әріптестері, қаламгерлер, сондай-ақ Нұрлан Сегізбаевтың шығармашылығын қадірлеген қалың жұрт жиналып, «Менің атым Қожа» атты аңызға айналған фильмнің кейіпкерімен қоштасты.
Қоштасу рәсіміне Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Кұлкенов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Қуат Әуесбай, Алматы қаласы әкімдігі өкілдері және мәдениет саласының бірқатар қайраткерлері қатысты.
Жиын барысында Мереке Кұлкенов Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның көңіл айту хатын оқып берді. Сондай-ақ әріптестер атынан Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы» АҚ президентінің міндетін атқарушы Айдар Омаров сөз сөйлеп, марқұмның отандық кино өнеріндегі орнына тоқталды.

Қоштасу рәсімінде Нұрлан Сегізбаевтың өзі жазып кеткен хаты да оқылып, жиналған қауымды ерекше толқытты.
Сөз сөйлегендер арасында Сегізбаевтың бала кезінен досы, режиссер Болат Ғалымбетов актердің реніші болғанын айтты.
Жасыратын несі бар?! Бізге кішкене ренжіді ғой. Себебі оған дұрыс көңіл бөлінген жоқ. «Маған қашан мүмкіндік береді?» деп ренжіп кетті» – деді Болат Ғалымбетов.
Еске сала кетейік, Қазақ киносының тарихында өшпес із қалдырған актер Нұрлан Санжарұлы Сегізбаев 26 желтоқсанда 76 жасында дүниеден өтті.