Теміртауда автобустағы жанжал пышақ жарақатымен аяқталды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
фото: shutterstock

Теміртау қаласында қоғамдық көлікте болған жанжал соңы пышақ жарақатымен аяқталды. Әлеуметтік желіде автобустың ішінде қан іздері қалғанын көрсететін шулы видео тарады. Видео авторының айтуынша, маршруттық автобуста белгісіз ер адам жас жігітті аяғынан пышақтап кеткен.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады. Оқиға 26 желтоқсан күні болған. Күдікті жедел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның 30 жастағы ер адам екені анықталды.

Полиция мәліметінше, факті бойынша пышақ жарақатын салу дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала тергеу барысында жанжалдың тұрмыстық сипатта болғаны белгілі болды.

«Алдын ала анықталғандай, жәбірленуші мен күдіктінің арасында автобуста терезені ашу әрекетіне байланысты ауызша жанжал шыққан. Аталған жанжал барысында күдікті пышақ қолданған», – деп хабарлады полиция департаменті.

Құзырлы орган өкілдері кез келген агрессия мен зорлық-зомбылық қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті.

«Кінәлілер заң аясында жауапкершілікке тартылады», – делінген ресми хабарламада.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз