
Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев барлық мемлекеттік марапатынан айырылды. Садыр Жапаров тиісті жарлыққа қол қойды.
Құжатта 2025 жылғы 3 маусымда Бішкектің Бірінші Май аудандық соты шығарған үкімді орындау мақсатында, Қырғыз Республикасының «Мемлекеттік наградалар, құрметті атақтар және мемлекеттік сыйлықтар туралы» заңының 27-бабының 1, 2 және 4-бөліктеріне, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Конституциясының 71-бабына сәйкес шешім қабылданғаны көрсетілген.
«Алмазбек Шаршенович Атамбаев Қырғыз Республикасының келесі мемлекеттік марапаттарынан айырылсын:
- Қырғыз Республикасының ең жоғары ерекшелік дәрежесі – «Кыргыз Республикасынын Баатыры» атағы;
- «Манас» ордені II дәрежесі;
- «Данакер» ордені;
- «Данк» медалі», – делінген құжатта.
Сонымен қатар оған медаль және орден беру туралы президент жарлықтары күшін жойды.
Айталық, 1999 жылғы 22 сәуірдегі №106 «Атамбаев А. Ш.-ты «Данк» медалімен марапаттау туралы», 2007 жылғы 27 қарашадағы №518 «Атамбаев А. Ш.-ты «Данакер» орденімен марапаттау туралы», 2011 жылғы 30 қарашадағы №311 «Республиканың мемлекеттік және қоғам қайраткерлерін мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы» жарлықтың үшінші абзацы, 2017 жылғы 27 қарашадағы №1 «Атамбаев А. Ш.-қа «Кыргыз Республикасынын Баатыры» ең жоғары ерекшелік дәрежесін беру туралы» жарлықтар қайтарылды.
Мұның алдында Алмазбек Атамбаевтың отбасы Қой-Таштағы үйінен күштеп шығарылған еді.