Жаңалықтар

Астанада отшашуды қай жерде тамашалауға болады

Қаланың үш жерінде концерттер өтеді/фото: shutterstock

Астанада 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні сағат 00:00-де мерекелік отшашу атылады. Қала әкімдігінің хабарлауынша, бәрі демеушілер қаражатына ұйымдастырылады.

Отшашу екі жерде атылады: Ботаникалық бақ және «Атырау» көпіріне іргелес аумақ.

«Елорда тұрғындары мен қонақтарына отшашу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Атырау» көпірі ауданындағы жағалаудың мұзына шығуға қатаң тыйым салынады», – делінген ақпаратта.

Сонымен қатар Жаңа жыл қарсаңында 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға дейін қаланың үш жерінде іс-шара өтеді.

31 желтоқсан сағат 21:00-ден бастап «Қазақ елі» монументінің жанындағы алаңда, «EXPO» аумағында, сондай-ақ әкімдік алдында шығармашылық ұжымдар мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен қала тұрғындары мен қонақтары үшін концерттер өтеді.

Іс-шараға отандық эстрада жұлдыздары Зарина Омарова, Еркеш Хасен, Маржан Арапбаева, Сәкен Майғазиев, Қазыбек Құрайыш, Серік Ибрагимов, Жұбаныш Жексенұлы, Ақбота Керімбекова, «Меломен», «Бәйтерек» топтары және басқа да өнерпаздар қатысады.

Бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Жаңа жыл мерекесі кезінде фейерверктерді қолдану тәртібі бұзылса, айыппұл салынатынын айтты.