
Қазақстандықтар ауа райының қолайсыздығына байланысты уақытша шектеу енгізілген Астана – Щучинск және Астана – Теміртау автобандарында айыппұл келгеніне жаппай шағымданды. Олардың айтуынша, айыппұл негізінен жылдамдықты асырғаны үшін келген.ІІМ трассалардағы электрондық таблолардың заңды күші бар және толыққанды жол белгілері болып саналатынын түсіндірді.
«Азаматтар Астана – Щучинск және Астана – Теміртау трассаларында жылдамдық шектеулерін сақтамағаны үшін әкімшілік айыппұлдар бойынша көптеген өтініштер жолдады. Осыған байланысты ІІМ еске салады: қала сыртындағы жол ақпараттық таблолары заңнамаға сәйкес толыққанды электрондық белгілер, онда 3.24 «ең жоғары жылдамдықты шектеу» белгісі көрсетіледі», — делінген хабарламада.
ІІМ мәліметтері бойынша, мұндай таблолар ауа райына байланысты – тұман, көктайғақ, қатты жаңбыр, сондай-ақ, жол жұмыстары немесе ЖКО кезінде жылдамдықтың сол уақыттағы шектеулерін көрсетеді.
«Жолдағы ақпараттың негізгі көзі – таблода көрсетілген жол белгілері, сондықтан жүргізушілерден оларды мұқият қадағалауын сұраймыз. Жылдамдықты уақытша шектеу жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін енгізіледі», – деп түсіндірді ІІМ КАП аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Ведомство айыппұлдардың тәулік бойы және кез келген ауа-райында жұмыс істейтін автоматты камералармен тіркелетінін атап өтті.
«Барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін жауапкершілікпен сақтауға, ауа райы жағдайын ескеруге және жолдағы жағдайдың өзгеруіне уақтылы ден қоюға шақырамыз. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз», – деп қосты Боранова.
Ол шектеулерді енгізудің басты мақсаты: апаттардың алдын алу және азаматтардың өмірін сақтау екенін еске салды.