
«Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та оқитын Аида есімді Threads қолданушысы Қазақстан оқу ақысын төлемей отырғанын жазды.
Ол Ғылым және жоғары білім министрлігіне жүгініп, Халықаралық бағдарламалар орталығы тарапынан оқу ақысы төленбегенін, салдарынан оқуын жалғастыра алмай отырғанын жеткізді.
«Бірнеше күннен кейін жаңа семестр басталады, алайда мені оған жібермейді. Себебі «Болашақ» орталығы Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан қаржыландыру жоқ екеніне сілтеп, оқу ақысын төлей алмай отырғанын хабарлады», – деп жазды Аида.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз хатшысы Олжас Беркінбаевтың айтуынша, Рождество мерекесіне байланысты бірқатар университетте әкімшілік және қаржылық рәсімдер уақытша тоқтатылған.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ АҚШ-та «Болашақ» бағдарламасымен оқып жатқан студенттердің оқу ақысын толық көлемде төлеп, стипендияларын уақтылы аударды. Университеттердің каникулдан кейінгі жұмысын қайта бастауымен барлық тиісті үдеріс белгіленген тәртіпке сәйкес толық аяқталады», – дейді ол.
«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Құсманов та бұл жағдайға пікір білдірді.
Сөзінше, орталық университеттермен тұрақты байланыста және оқу ақысын төлеу мәселелерін бақылауда ұстап отыр.
«Vanderbilt University-дегі оқуыңыз үшін төлем 25 желтоқсанда толық көлемде жүзеге асырылды. Төлем туралы ақпарат Office of Student Accounts бөліміне жолданды. Қазір АҚШ-та Рождествоға байланысты демалыс. Университет демалыстан шыққаннан кейін, бұл мәселе толық шешіледі», – деп мәлімдеді Құсманов.
Айта кетейік, бұған дейін 225 қазақстандық «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері атанды.