
Мәжіліс Сенат депутаттарының «Банктер және банк қызметі туралы» заңға енгізген түзетулермен келісті. Сенат ұсынған өзгерістер нақтылау сипатында болып, заң жобасының жалпы тұжырымдамасын өзгертпейді. Осылайша жаңа заң президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюына жіберілді.
Сенат бұған дейін заң жобасын Мәжіліске қайтарып, жекелеген нормалармен келіспейтінін білдірген болатын. Атап айтқанда, сенаторлар банк секторын шамадан тыс қатаң реттеу қаржы ресурстарының қолжетімділігін төмендетіп, инвестициялық белсенділікке және нақты секторға кредит беруге кері әсер етуі мүмкін деген уәж айтты.
Осы себепті сенаторлар заң жобасына қатысты бірнеше нақты ұсыныс берген. Атап айтқанда:
- базалық лицензиямен жұмыс істейтін банктің әмбебап лицензияға көшу талаптарын нақтылау;
- қор биржалары мен клирингтік ұйымдардың төлемдер мен ақша аударымдарын орындау құқығын айқындау;
- шетелдік ислам банктерінің филиалдарына кейбір инвестициялық қызмет түрлеріне рұқсат беру;
- банк директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшелеріне қойылатын талаптарды нақтылау;
- банктердің клиент қаражатын даусыз тәртіппен өндіріп алуына шектеу қою;
- азаматтардың өтініштерін қарау тәртібін нақтылау;
- банк құпиясы талаптарын мемлекеттік қазынашылық органдарына да қолдану;
- шоттардағы қаражатқа тыйым салуға болмайтын жағдайларды кеңейту;
- жүйеқұраушы банкті сауықтыруға арналған қаражат көздерін нақтылау.
Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті Сенаттың ұсыныстарын қолдап, түзетілген заң жобасын қабылдады. Құжат Президент қол қойған соң күшіне енеді.
Сонымен қатар, заң жобасына қатысты сарапшылар мен нарық өкілдері бірқатар сын айтқан. Олардың пікірінше, жаңа заң жаһандық қаржы нарықтарындағы үрдістерді толық ескермейді, банк секторының жүйелі мәселелерін шешпейді және кейбір тәуекелдерді күшейтуі мүмкін. Соған қарамастан, парламент заңды белгіленген мерзімде қабылдауды жөн көрді.