Мобильді аударымдарды тексеру: лимиттен асса, бірден айыппұл салына ма

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қаржы министрлігі мобильді аударымдарға қатысты талаптар бойынша нақты түсініктеме берді. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, аударым сомасы белгіленген лимиттен асса, автоматты түрде бірден айыппұл салынбайды.

Біржановтың түсіндіруінше, егер бір адамға үш ай ішінде 100-ден астам адамнан ақша аударылып, оның жалпы көлемі 1 миллион теңгеден асып кетсе, салық органдары алдымен азаматқа хабарлама жібереді. Онда қаражаттың қайдан түскенін түсіндіріп беру сұралады.

«Біз бірден айыппұл салмаймыз. Алдымен адамға өз уәжін айтуға мүмкіндік береміз. Кей жағдайда ол жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп жатады», – деді вице-министр.

Тексеру бірден бастала ма?

Жоқ. Егер азамат хабарламаға жауап берсе және түсініктеме негізді болса, мәселе сол жерде тоқтауы мүмкін. Ал ешқандай жауап болмаса, мемлекеттік орган салық тексерісін бастауға құқылы.

Тек тексеру барысында жиналған құжаттар негізінде ғана нақты салық сомасы есептеледі. Егер ол төленбесе, іс сот орындаушысына жолданады. Соңғы шешімді де сол қабылдайды.

Туыстар арасындағы ақша аударымдарына тиіспейді

Қаржы министрлігі бұл жерде бір маңызды жайтты ерекше атап өтті: жақын туыстар арасындағы аударымдарды салық органдары бақыламайды.

«Ағайын-туыс бір-біріне ақша аударса, ол үшін ешкім жауапқа тартылмайды», – деп нақтылады Ержан Біржанов.

Қандай жағдайда тексеруі мүмкін?

Жақын уақытта күшіне енетін жаңа талаптарға сәйкес, салық органдары тек мына үш шартқа сай болса ғана, тексере алады:

  • ақша 100 және одан көп адамнан түссе;
  • бұл жағдай қатарынан үш ай қайталанса;
  • жалпы сома 12 ең төменгі жалақыдан, яғни 1 020 000 теңгеден асса.

Айта кетейік, бұған дейін мобильді аударымдар бақылауға алынатыны жайлы жазғанбыз. Министрлік ай сайынғы аударым 300 мыңнан асса, ақша қайдан түскенін дәлелдеу керек болатынын мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз