Кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліптің компаниясы бюджет ақшасына Ыстықкөлде шипажай салады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

ERG-дің үлесін сатып алуға ниетті Шахмұрат Мүтәліптің компаниясы бюджет ақшасына Ыстықкөлде шипажай салмақ. Бұл туралы Мәжіліс отырысында айтылды. Инвестиция құны – 9,1 млрд теңге.

Депутат Серік Ерубаев Қаржы министрі Мәди Такиевтен Ыстықкөл жағалауында салынатын 4 нысанның біреуіне ҚР Президенті іс басқамасы медициналық орталығының филиалы бөлген қомақты қаржы қалай игеріліп жатқанын сұрады. Сонымен қатар құрылыс жұмысы қашан бітеді, оны қандай компания салып жатыр және қазақстандықтар бұл шипажайда қашан емделе алады деп сауал қойды.

Қаржы министрі Мәди Такиев жобаға республикалық бюджеттен 9,1 млрд теңге бөлінгенін растағанымен, құрылысы қалай жүріп жатқанын нақты айта алмады. Оның орнына ҚР Президенті іс басқамасы медициналық орталығы директорының орынбасары Орынкүл Қазиева жауап берді. Оның айтуынша, инвестициялық жоба 2025 жылы басталған.

«Инвестицилық жобаның жалпы құны – 9,1 млрд теңге. Integra Construction компаниясы құрылыс-монтаж жұмысын жүргізіп жатыр. Ендігі жылы желтоқсан айына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Integra Construction – кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліпке тиесілі. Бұл кәсіпкерге қоғам назарын Bloomberg пен Financial Times басылымдары аудартты.

Атап айтқанда, 2025 жылғы 27 қарашада Bloomberg Мүтәліптің швейцариялық Glencore Plc трейдерімен «Қазмырыш» компаниясының 70 пайыз үлесін сатып алу жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлады. Қазақстандағы мырыш пен алтын өндіруде жетекші саналатын кәсіпорынға қатысты ықтимал мәміленің құны 3,5 млрд АҚШ долларына бағаланған.

Ал арада бір ай өтпей жатып, 23 желтоқсанда Financial Times Мүтәліпті ERG компаниясының 40 пайыз акциясын сатып алуы мүмкін деп жазды. ERG – әлемдегі жетекші тау-кен металлургия холдингтерінің бірі.

Алайда ERG тобының баспасөз қызметі Kursiv.Media-ға жолдаған жауабында ақпаратты растамады, бірақ теріске де шығармады. Тек компания акционерлері деңгейіндегі кез келген талқылауларға қатысты пікір білдірмейтінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыз