Үкімет жоқ нәрсемен күресеміз деп, кәсіпкердің құқығын шектеп отыр – Перуашев

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Business News бөлімінің редакторы
Азат Перуашев жаңа кодекстің қай нормасына қарсы / Коллаж:.kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Жаңа Салық кодексі бойынша, ірі бизнестің жеңілдетілген режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлерден алған тауар мен қызметін шығынға жатқызуына тыйым салынбақ. Бұл норма 2026 жылдан бастап күшіне енеді. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев шешім салық жүйесінің логикасына қайшы екенін айтып, үкіметті одан бас тартуға шақырды.

Депутаттың айтуынша, мәселені жуырда өткен секциялық отырыста да көтеріп, үкіметтен талапты жоюды сұраған. Аталған нормаға сәйкес, жалпыға бірдей белгіленген салық режимінде жұмыс істейтін компаниялар енді жеңілдетілген (упращенка) декларация қолданатын кәсіпкерлерден сатып алған тауарлар мен қызметтерін шығын ретінде есепке ала алмайды.

«Салық жүйесі бизнестен қалай және кіммен жұмыс істеу керегін талап ете алмайды. Бұл – дұрыс шешім емес. Үкімет шектеуді бизнесті қолдан бөлшектеумен күрес деп түсіндіреді. Бірақ Салық кодексінде «бөлшектеу» деген ұғымның өзі нақты жазылмаған», – дейді Перуашев.

Бұл ретте депутат егер кәсіпті бөлшектеумен күресеміз десек, алдымен, оның не екенін заң жүзінде анықтап алу керектігін айтады.

«Қандай жағдайда бөлшектеу болып саналады, оның белгілері қандай, қандай жауапкершілік қарастырылған – мұның ешқайсысы Салық кодексінде жоқ, жазылмаған. Үкімет жоқ нәрсемен күресемін деп кәсіпкерлердің құқығын шектеп отыр», – деді ол.

Депутат үкімет мәселенің, шын мәнінде, қаншалықты өзекті екенін дәлелдейтін нақты деректер ұсынбағанын атап өтті.

«Экономикаға әсері қандай, қанша кәсіпорын салықтан жалтарып отыр, бюджет қанша қаржыдан қағылып жатыр – осының бәрін көрсететін статистика бар ма? Жоқ», – деді ол.

Нәтижесінде, депутаттың пікірінше, бастапқыда ірі бизнеске қатысты деп айтылған мәселенің салмағы іс жүзінде шағын және орта кәсіпкерлердің мойнына түсіп отыр.

Осы ретте Салық альянсы сарапшыларының айтуынша, норма әртүрлі салық режимінде жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтарын тең дәрежеде қарамайды. Соның салдарынан салық саясаты тек фискальды әкімшілікке бағынады, ал кәсіпкерлер арасындағы адал экономикалық байланыс бұзылады.

Сондай-ақ оқыңыз