Назарбаев Мәсімовке Астанадағы үйін сыйға тартқан

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов ұзақ жылдар бойы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев сыйға берген үйде тұрған.
Бұл туралы UlysMedia-ға берген сұхбатында Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапенов айтты.
Қапеновтің сөзінше, бұрынғы президент Мәсімовке Шұбар ауданында орналасқан шағын кірпіш үйді тарту еткен. Ғимарат бір жарым қабатты, мансарды бар.
«1997 жылы ол үйде Назарбаевтың өзі тұрған. Ал Мәсімовке шамамен 2001–2002 жылдары сыйға берілген болуы керек. Ол үйін ешқашан ауыстырған жоқ, үнемі сол жерде тұрды. Назарбаевтың сыйлығын қалай сата алады? Сол үйде өмір сүрді. Ал БАҚ-та көрсетіліп жүрген басқа үй қонақтарға арналған болатын. Онда тар шеңбердегі кездесулер өтетін. Мен ол жерде бірде-бір рет болған емеспін. Менің ойымша, ол жерде Қазақстанның бүкіл элитасы жиналатын, Назарбаевтың өзі де келген», – деді ол.
Қапеновтің айтуынша, «Қазақстанның бүкіл элитасы жиналған» аталған зәулім үй Қаңтар оқиғаларынан кейін ерекше қажеттілігі бар балаларға беру туралы шешім қабылданған. Ресми түрде бұл нысан Мәсімовке қатысты қылмыстық іс аясында тәркіленген.
Мұның алдында Кәрім Мәсімовтің суық қаруының қымбатқа сатылғаны белгілі болды.