Назарбаевтың шетелге шығуын шектеу керек – депутат

Ермұрат Бапи Нұрсұлтан Назарбаев пен бұрынғы лауазымды тұлғалардың шетелге шығуына шектеу қоюды талап етіп отыр.
Бұл туралы ойын депутат Мәжілістің дәлізінде тарқатып айтып берді.
«Азаматтық мүдде тұрғысында, елге тағы да залал келтіреді деп ойлаймын. Мәселен, ол шетке шығарда елдің президентімен ақылдасты ма? Экс-президент ретінде тиісті мемлекеттік органдар алдында осындай мәселе қойды ма? Менің ойымша ондай келісім болған жоқ», – деді Ермұрат Бапи.
Депутаттың пікірінше, Назарбаевтың Қазақстанның мәселесін сыртқа барып, өзінің жеке бас мәселесі ретінде талқылап жүруі ойландыруы керек.
«Бұл міндетті түрде Назарбаевқа шектеу қою емес. Жоғары лауазымды қызметте болғандардың шетке шығу мәселесін реттеу керек. Мәселен, Қожамжаров кетіп қалды. Бізде неге алдын ала осындай заң нормалары болмады?» – дейді ол.
Депутаттың айтуынша, Еуропада, басқа да елдерде қашып жүрген қаншама лауазымды тұлғалар бар. Олар Қазақстанның құпиясын біледі. Елге әсері бар. Қоғамдық ұйымдар құрып алған. Мүддесін қорғайтын баспасөз құралдары бар.
Мұның алдында Ермұрат Бапи Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) мұнай нысандарын атқылағаны үшін Украинаны жазғыру дұрыс емес деп пікір білдірген.