Енді онлайн несие берілмейді, міндетті түрде банкке бару керек – депутат

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
Фото: kursiv.media мұрағаты

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов банктер туралы заң жобасына маңызды өзгерістер енгізілгенін айтты.

Мәжілістің биылғы соңғы отырысында депутат әріптесі Бақытжан Базарбек екеуі берген бүкіл өзгерістер сол күйі банктер туралы заң жобасында қалғанын айтады.

«Біз оның бәрін бақылап отырдық. Егер оны кімде-кім өзгерткісі келсе, біз үндемей отырмаймыз. Біз оңды-солды несие бере беретін банктерге шектеу қойдық. Ендігәрі банктер ешқандай онлайн кредит бере алмайды. Міндетті түрде аяғыңмен банкке баруың керек, міндетті түрде қол қою керек. Міндетті түрде өз айлығың туралы ақпаратты банктерге апаруың керек. Өйтпесең несие беруге болмайды дедік. Баяғыда оларға жеңілдік беріп қойғанбыз. Оны толығымен шектедік», – дейді ол.

Әбеновтің сөзінше, коронавирус кезінде банктерді электронды үкімет жүйесіне қосып қойған. Каспий банк өз қосымшасы арқылы бүкіл құжаттарды көріп отыр.

«Кез келген банк қызметкерлері бізге айтпай, құжаттарымызды көріп, әрекеттер жасауы мүмкін. Сол себепті біз заңға өзгеріс енгіздік. Бүкіл тексеру тек Ұлттық банк арқылы өтуі керек. Каспий банктен ондай құқықты алып тастауымыз керек. Олардың еговқа кіруге құқығы жоқ. Еговмобайлдан алайын. Каспий банк жеке компания. Крыша да, Колесо да кіріп жатыр. Олар жеке мәліметтерді қалай пайдаланатынын қайдан білеміз», – дейді ол.

Банктер ендігәрі дұрыс антифродан немесе биометриядан өтпесе, рәсімделген кредиттерді өшіруі керек. Әбенов айтқан тағы бір өзгеріс – осы. Одан бөлек, сотқа клиенттер баратын болса, банктер оларға мәлімет бермейтін. Енді банктер осындай талап қойылса, 10 күннің ішінде кредит қандай құжаттар негізінде берілгені, биометриядан қалай өткізгені туралы ақпаратты беруге тиіс.

Мәжіліс бүгін Сенат депутаттарының «Банктер және банк қызметі туралы» заңға енгізген түзетулермен келісті. Сенат ұсынған өзгерістер нақтылау сипатында болып, заң жобасының жалпы тұжырымдамасын өзгертпейді. Осылайша жаңа заң президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қол қоюына жіберілді.

Сондай-ақ оқыңыз