Қазақ ғалымы диабетке қарсы әсері бар өсімдікті анықтады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Айжамал Байсейітова цикорий өсімдігінің қасиетін жан-жақты зерттеп, оның диабетке қарсы тиімді әсері бар екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеді.
Жас ғалым зерттеу барысында цикорий құрамындағы биологиялық белсенді заттардың қандағы қант деңгейін төмендетуге, сондай-ақ зат алмасу процесін реттеуге оң ықпал ететінін анықтады. Сонымен қатар адам ағзасында стресс әсерінен пайда болатын радикалдарға қарсы антиоксиданттық белсенділігі бар екенін де дәлелдеді. Бұл өсімдіктің денсаулықты нығайтудағы әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.
Ғалымның айтуынша, қазіргі таңда аталған ғылыми жоба аясында халықаралық ғылыми журналдарда екі мақала жарияланған.
«Мақсатымыз – емдік қасиеті бар өсімдіктер негізінде кең таралған ауруларға қарсы биологиялық белсенді қоспалар әзірлеу. Қазіргі таңда цикорийдің фитохимиялық және фармакологиялық қасиеттерін зерттеп жатырмыз. Бүгінге дейін оның диабетке және стреске қарсы әсері дәлелденді. Алдағы уақытта вирустар мен бактерияларға, соның ішінде тұмауға қарсы белсенділігін зерттеуді жоспарлап отырмыз», – дейді Айжамал Байсейітова.
Инновациялық жоба бойынша ҚазҰУ ғалымдары патент алған. Болашақта цикорий негізінде биологиялық белсенді қоспалар мен емдік шайлар өндіріліп, отандық нарыққа шығарылмақ.
Айжамал Байсейітова әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Химия және химиялық технология факультетінде дәріс береді. Сонымен қатар университет жанындағы Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығында қызмет атқарады. Ол Оңтүстік Кореядағы Кёнсан ұлттық университетінде магистратура мен докторантурада білім алып, докторлық дәрежесін сәтті қорғаған.