Жаңалықтар

Қазақстан мұғалімдері айлығына қанағаттанатын елдердің қатарына кірді

Фото: kursiv.media мұрағаты

Қазақстан мұғалімдерінің еңбекақысына қанағаттану деңгейі айтарлықтай артқан. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова TALIS-2024 халықаралық зерттеуінің қорытындыларын таныстыру барысында мәлімдеді.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 2024 жылы Қазақстан мұғалімдерінің 71 пайызы жалақысына қанағаттанатынын айтқан. Ал 2018 жылы бұл көрсеткіш небәрі 39 пайызды құраған. Осылайша, алты жыл ішінде еңбекақыға қанағаттану деңгейі 32 пайыздық тармаққа өскен. Майра Мелдебекова министрлік жұмысын қорытындыланған жиында осындай ақпаратты айтты.

Мелдебекованың айтуынша, мұндай өсім зерттеуге қатысқан 50 елдің ішінде тек бес мемлекетте тіркелген. Соңғы жылдары педагогтердің жұмыс жағдайы да едәуір жақсарған. Атап айтқанда, мұғалімдердің апталық жұмыс жүктемесі 2018 жылғы 50 сағаттан 2024 жылы 36 сағатқа дейін қысқарған.

Зерттеу деректері педагогтердің кәсіби деңгейінің де өскенін көрсетеді. Магистр дәрежесіне ие мұғалімдердің үлесі 3,5 пайыздан 11 пайызға дейін артқан. Бұл – кадрлардың сапалық құрамын жақсартуға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі.

Сондай-ақ мұғалім мамандығының қоғамдағы беделі де нығая түскен. 2024 жылы педагогтердің 82 пайызы қоғамда мұғалім еңбегі бағаланатынын айтқан. 2018 жылы бұл көрсеткіш 63 пайыз болған.

Мемлекеттік деңгейдегі қолдау мен мойындау да күшейген. Егер 2018 жылы педагогтердің 38 пайызы саясаткерлер тарапынан қолдау барын сезінсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 58 пайызға жеткен.

Жалпы алғанда, мұғалімдердің кәсібіне және еңбек жағдайына қанағаттану деңгейі 91 пайыздан 95 пайызға дейін өскен.

TALIS-2024 халықаралық зерттеуінің қорытындылары Қазақстанда педагог мәртебесін арттыруға бағытталған реформалардың нақты нәтиже беріп жатқанын көрсетеді.