
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Үкіметі мен Қырғызстан Үкіметі арасындағы Ыстықкөл облысында орналасқан курорттық-рекреациялық нысандарға қатысты халықаралық келісімдерге енгізілген өзгерістер ратификацияланды.
Депутаттар 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстанның меншік құқықтарын реттеу туралы келісімге және 2009 жылғы 1 желтоқсандағы Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі хаттамаларды мақұлдады.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Қаржы министрі Мәди Тәкиевтен келісім шарттар не себепті ұзақ жылдар бойы орындалмағанын және бұның Қазақстан үшін салдары қандай болатынын сұрады.
«2006 жылғы келісімнің шарттары бойынша Қазақстан меншігінде қалу үшін біз оларды 2010 жылға дейін үш және төрт жұлдызды қонақүй деңгейіне жеткізуіміз керек болған. Бірақ бүгінгі күнге дейін ештеңе жасамадық. Өткен жылғы келісімге өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес біздің міндеттемелердің орындалу мерзімі 2029 жылға дейін ұзартылды. Енді келісімнің бұрын жасалған шарттарының орындалмау себебін айтсаңыз. Егер нысандар бойынша шарттар орындалмаса, Қазақстан үшін қандай салдар болмақ?» – деп сұрады депутат Тау.
Қаржы министрі Мәди Тәкиев міндеттемелердің орындалмауына бірқатар объективті себептер әсер еткенін айтты.
«2006 жылғы келісім бойынша біз нысандарды қонақүй деңгейіне жеткізуіміз керек еді. Алайда талаптар орындалмады. Екіншіден, республикалық бюджеттен қаржы бөлінген жоқ. Сондықтан осы санаторийлер қонақүй сияқты жөндеу жұмыстары жүргізілмеген еді. Енді бүгін келісімшартқа қол қойдық. Міндеттемелерді орындау мерзімін бес жылға ұзартуға келісті. Қазіргі таңда төрт нысан бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Егер осы мерзім ішінде олар үш-төрт жұлдызды қонақүй деңгейіне жеткізілмесе, нысандар Қырғызстан меншігіне өтеді», – деді министр.
Сонымен қатар депутат Болат Керімбек министр Тәкиевтен Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағындағы курорттық нысандарды дамыту туралы келісімге неліктен Қазақстан үшін тиімсіз шарттар енгізілгенін сұрады.
Бұл сауалға жауап берген Тәкиев аталған төрт нысан 1992 жылдан бері Қазақстанның меншігі ретінде танылғанын, алайда олар ұзақ уақыт бойы тиісті деңгейде пайдаланылмағанын айтты.
«Бұл нысандарды күтіп ұстау және тиімді пайдалану қажет еді, бірақ қаржы бөлінбеді. Енді бір-екі жыл шінде нысандарды қайта қалпына келтіріп, өзіміздің пайдаға жаратуды ойлаймыз. Студенттерге және санаторий ретінде пайдалануға болады», – деді министр.
Бұған дейін кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліптің компаниясы бюджет ақшасына Ыстықкөлде шипажай салатыны жайлы жазған едік.