Жаңалықтар

Қазақстан қыста тайғақ жолға тұз себуден бас тартты

Қыс мезгілінде жолдар мен тротуарлардағы мұзды еріте алатын тұзға балама іздестіріліп жатыр / фото: Көлік министрлігі
Қыс мезгілінде жол мен тротуардағы мұзды еріте алатын тұзға балама іздестіріліп жатыр / фото: Көлік министрлігі

Қазақстан көктайғақта жолға тұз себуден бас тартып отыр. Көлік министрлігінің мәліметінше, мұның ғылыми себебі бар.

«Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 238-бабының 9-тармағына сәйкес, топыраққа, жасыл желекке және қалалық экожүйеге тигізетін теріс әсеріне байланысты елдімекендер аумағында қысқы тайғаққа қарсы күресте ас тұзын қолдануға тыйым салынады», – делінген министрліктің хабарлауынша.  

Сондықтан қыс мезгілінде жол мен тротуардағы мұзды еріте алатын тұзға балама іздестіріліп жатыр.

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты («ҚазжолҒЗИ») мамандарының мәліметінше, көше-жол желісін қыста күтіп-ұстауға арналған шамамен бес отандық тайғаққа қарсы материал тіркелген. Олардың қатарында құрғақ та, сұйық та реагенттер бар. Бұл өңірлердің климаттық және пайдалану жағдайларын ескере отырып, технологияларды икемді таңдауға мүмкіндік береді.

Маңыздысы – тіркелген материалдардың құрамында хлоридтер жоқ. Бұл олардың жол инфрақұрылымына, инженерлік құрылыстарға, абаттандыру элементтеріне және қоршаған ортаға тигізетін әсерін едәуір төмендетеді.

«Тұздан бас тарту – эксперимент емес, қауіпсіз әрі технологиялық шешімдерге саналы түрде көшу. Бүгінде экологияға зиян келтірмей, қажетті ілінісу деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін материалдар қолданыста бар», – деп атап өтеді сарапшылар.

Олардың пікірінше, Қазақстанда қалалық жолдарды қыста күтіп-ұстауда ас тұзынан кезең-кезеңімен бас тартуға тиіс. Неғұрлым заманауи әрі қауіпсіз шешімдерге көшу керек. Ол үшін қолайлы жағдай қалыптасып отыр.

Көлік министрлігі мұның алдында Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL ұшағы жайлы ақпарат таратқан еді.