Қазақстанда қандай мамандықтардың жалақысы өсті

2025 жылдың үшінші тоқсанында шағын бизнесті ескере отырып, Қазақстандағы орташа жалақы 412,5 мың теңгені құрады. Бұл өткен тоқсанмен салыстырғанда 4,5%-ға аз. Мұны Ұлттық статистика бюросының деректерінен көруге болады.
Бұл ретте статистикада ұсынылған 19 саланың ішінде 8 салада нақты жалақының өсуі байқалды. Орташа нақты жалақының өсуі бойынша көшбасшы – жылжымайтын мүлік саласының қызметкерлері болды. Мұнда жалақы 7,8%-ға өсіп, жалақы көлемі 330,6 мың теңгені құрады.
Екінші орында құрылыс саласы, тоқсан ішінде нақты өсім 6,1%-ға өсіп, жалақы көлемі 409 мың теңгені құрады. Үштікті 5,8% өсіммен, яғни 305 мың теңгеге дейінгі өсім ауыл және балық шаруашылығы қорытындылады.
Тоқсандағы нақты жалақы көтерме және бөлшек саудада, сондай-ақ, автожөндеуде – 4,6%-ға (423,5 мың теңге), көлікте және қоймада – 3,2%-ға (555,9 мың теңге) өсті. Сумен жабдықтау және су бұру саласының жалақысы 1,7%-ға (294 мың теңге) өсті.
2025 жылдың үшінші тоқсанымен өткен жылдың үшінші тоқсанын салыстырар болсақ, статистика бірдей болды. Жылжымайтын мүлік саудасы – 12%, көтерме және бөлшек сауда – 7,3% және ауыл шаруашылығы – 5,2% салалары көшбасшы болған.
Айта кетейік. осыған дейін халықтың жалақысын қайда жұмсап жатқаны туралы егжей-тегжейлі жазған едік. 2025 жылдың III тоқсанындағы деректер осыны айқын көрсетіп отыр. Қазақстанда халықтың ақшалай шығындарының басым бөлігі әлі де азық-түлікке кетіп жатыр. Ал бұл дамушы экономикаға тән белгі.