Жаңалықтар

Ресей Путин резиденциясына дрондар шабуылдағанын мәлімдеді

Сергей Лавров
Ресей Путин резиденциясына дрондар шабуылдағанын мәлімдеді / фото: РФ Сыртқы істер министрлігі

Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров 29 желтоқсанға қараған түні украиналық дрондар Ресей президенті Владимир Путиннің Новгород облысындағы Валдайдағы президенттік резиденциясына шабуыл жасамақ болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.

Лавровтың айтуынша, резиденцияға 91 дрон шабуыл жасап, оларды әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдары жойған. Ол зардап шеккендер мен шабуылдан келген зиян туралы ақпаратты жария етпеді.

Лавров бұл шабуыл «Ресей мен АҚШ арасындағы украин қақтығысын реттеу жөніндегі қарқынды келіссөздер барысында» болғанын атап өтіп, бұған қоса, Киевтің әрекеттерін «террористік шабуыл» деп атады. Ол, сондай-ақ, мұндай әрекеттер жауапсыз қалмайды деп сендірді. Дегенмен, Ресей АҚШ-пен келіссөздер рәсімін тоқтатпайды.

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен Флоридада кездесті. Зеленскийдің сөзінше, келіссөздердің басты тақырыбы Украинаның қауіпсіздік кепілдігі болды. АҚШ 15 жыл қатарынан Украинаға қауіпсіздік кепілдігін беруге дайын екенін жария еткен. Алайда Зеленский бұдан көп уақытқа келісуді қалайтынын айтты.