
29 желтоқсанда таңертең Атырау қаласы Сұлтан Бейбарыс даңғылы бойында орналасқан базарлардың бірі өртенді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, құтқарушыларға базар аумағында киім бутиктерінің жанып жатқаны туралы хабарлама түскен.
«Алғашқы бөлімшекелген кезде контейнер түріндегі бутиктердің ашық жалынмен жанып жатқаны, сонымен бірге өрттің көршілес бутиктерге таралу қаупі бар екені анықталды», – деп таратты 112 kz.
Өрт сөндірушілер оттың көршілес сауда нүктелеріне таралуына жол берілмей, оны тез сөндірді. Соған қарамастан тілсіз жау 500 шаршы метрге тарап үлгергені мәлім болды.
Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Осында төрт жауынгерлік учаске ұйымдастырылды.
Базардағы өрттен ешкім зардап шекпеді. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Бір күн бұрын Астана қаласында үш қабатты ғимарат өртенген. Оны сөндіруге жүз шақты өрт сөндіруші жұмылдырылған.