Бибісара Асаубаева әлем чемпионатында 55-орынды місе тұтты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Бибисара Асаубаева по-прежнему борется за путевку в турнир претенденток
21 жастағы шахматшы Бибісара Асаубаева блицте есе қайтаруға тырысады / фото: Michal Walusza / FIDE

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева жылдам шахматтан (рапид) әлем біріншілігінде сәтсіз ойнап, 55-орынды місе тұтты. Катардағы жарыста Магнус Карлсен мен Александра Горячкина чемпион атанды. Жанкүйерлер Жансая Әбдімәліктің оралуын тағатсыздана күтіп жүр.

Шахматтан әлем чемпионаты, Доха Катар
фото: fide.com

Доха қаласында рапидтен әлем біріншілігі (26-28 желтоқсан) аяқталды. Ірі жарысқа Қазақстан атынан барлығы 24 шахматшы: 15 ұл, 9 қыз қатысты.

Бибісара бабында емес

Көпшілік Асаубаевадан жоғары нәтиже күткен, алайда кезінде рапидтен вице-чемпион (2021 жыл) атанған Бибісара бұл жолы аса сәтсіз ойнады. 21 жастағы шахматшы 11 турда төрт мәрте жеңіске жетіп, төрт рет тең түсіп, үш мәрте жеңіліп қалды.

Ресейлік Александр Горячкина (8,5 ұпай) рапидтен әлем чемпионы атанса, қытайлық Чжу Цзинер (8,5) мен үндістандық Хампи Конеру (8,5) күміс және қола жүлде алды. Қазақстандық қыздар арасында Меруерт Камилиденова салыстырмалы түрде жоғары нәтиже көрсетті.

  • 44-орын. Меруерт Камалиденова, 11 ойында 6,5 ұпай;
  • 46. Лия Құрманғалиева, 6,5 ұпай;
  • 55. Бибісара Асаубаева, 6 ұпай;
  • 66. Алуа Нұрман, 5,5 ұпай;
  • 67. Зарина Нұрғалиева, 5,5 ұпай;
  • 75. Эльназ Қалиахмет, 5,5 ұпай;
  • 79. Әмина Қайырбекова, 5,5 ұпай;
  • 102. Әсел Серікбай, 4,5 ұпай;
  • 122. Алана Берікқызы, 4 ұпай.

Біріншілікке барлығы 141 шахматшы қыз қатысты.

Магнус Карлсен әлем чемпионаты доха катар
фото: fide.com

Магнустан мықты жоқ

Шахматшы жігіттер арасындағы шайқаста Магнус Карлсенге теңесер ешкім табылмады. Бір ғана ойында сүрінген (Артемьевке қарсы матч) норвег 13 турда 10,5 ұпай жинап, чемпион атанды. Ал ресейлік Владислав Артемьев күміс алса, чемпионат қоласы үндістандық Арджун Эригайсиге бұйырды.

Қазқастандық шахматшылардан тәжірибесі мол Ринат Жұмабаев жоғары нәтиже көрсетті.

  • 54-орын. Ринат Жұмабаев, 8 ұпай;
  • 55. Қазыбек Нөгербек, 8 ұпай;
  • 89. Денис Махнев, 7 ұпай;
  • 122. Жандос Ағыманов, 6,5 ұпай;
  • 124. Даниял Сәпенов, 6,5 ұпай;
  • 128. Арыстан Исанжулов, 6,5 ұпай;
  • 129. Ерғали Сүлеймен, 6,5 ұпай;
  • 136. Эдгар Мәмедов, 6,5 ұпай;
  • 149. Алдияр Аңсат, 6 ұпай;
  • 198. Әбілмансұр Әбділқайыр, 5,5 ұпай;
  • 201. Әлішер Сүлейменов, 5 ұпай;
  • 206. Мирас Асылов, 5 ұпай;
  • 207. Марк Смирнов, 5 ұпай;
  • 212. Данис Қуандықұлы, 4,5 ұпай;
  • 216. Сауат Нұрғалиев, 4,5 ұпай.

Біріншілікке барлығы 247 ер азамат қатысты.

Бар үміт блиц пен Жансаяда

Енді шахматшылар блицтен әлем біріншілігінде бақ сынайды. Ол да Доха қаласында 29-30 желтоқсан аралығында өтеді. Қазақстан Асаубаевадан зор үміт күтіп отыр. Өйткені Бибісара дәл осы блицтен екі дүркін әлем чемпионы (2021-2022 жылдар) атанған.

Айта кетейік, тағы бір мықты қазақ шахматшысы Жансая Әбдімәлік те Дохада жүр. Ол блиц ойнауы тиіс. Жансая тұрмысқа шығып, ана атануына байланысты біраз уақыт ірі жарыстарға шықпай жүрді.

Рапид – шахматтың жылдам ойналатын түр. Мұнда әр ойыншыға 10-60 минута аралығында уақыт беріледі. Мәселен, әлем чемпионатында 15 минуттан бөлінді.

Блиц – одан да жылдам ойналатын шахмат түрі. Әдетте әр ойыншыға 3-5 минут қана беріледі. Мұнда тез ойланып, шапшаң шешім қабылдау қажет. Сол себепті блицте шахматшының ойын тәжірибесі маңызды рөл атқарады.

Сондай-ақ оқыңыз