Путин совет халқына жасалған геноцид құрбандарын еске алу күнін белгіледі

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
геноцид құрбандары
фото: shutterstock

Ресей президенті Владимир Путин совет халқына жасалған геноцид құрбандарын еске алу күнін белгіледі. Құжат федерация заңнамасы порталында жарияланды.

Күмәнді құжат

Мұндай құжат Ресей мен Украина соғысып жатқан уақытта қабылданып отыр. Ресми Киев біраздан бері көрші федерацияның басқыншылық саясатын геноцид деп тануды талап етіп келеді.

«19 сәуір – 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде фашистер мен солардың сыбайластарының совет халқына жасаған геноциді құрбандарын еске алу күні», – деп жазылған Путиннің қолы қойылған құжатта.

Ресей президенті заңға 29 желтоқсанда қол қойған. Федералдық заң 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

RBC мәліметінше, 19 сәуірді Мемлекеттік дума ұсынған. Бастама авторлары 1943 жылы дәл осы күні фашистердің жаулап алған аумақтарда бейбіт халықты жоюға бағытталған ауқымды саясатын ресми түрде тіркейтін алғашқы акт жарық көргенін ескерген. Жарлықты КСРО Жоғарғы кеңесінің президиумы қабылдаған.

Дума атаулы күн белгілеу жөніндегі заң жобасын 16 желтоқсанда, ал Федерация кеңесі 19 желтоқсанда мақұлдаған.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде бұрынғы Совет одағының шамамен 27 млн адамы қаза тапты. Соғысқа Қазақстаннан 1,2 млн адам аттанып, жартысы оралмады. Бұған қоса, 700 мың адам тылда жұмыс істеді.

Қазақстан және Украина

Қазақстанда 1931–1933 жылдардағы ашаршылықты геноцид деп тану туралы ұсыныстар жиі айтылып жүр. Совет үкіметінің ұжымдастыру, отырықшыландыру саясаты салдарынан болған Зұлматтан қазақ ұлтының 1,5–2,5 миллионға жуық адамы, яғни халықтың 30–40%-ы қырылып қалды.

Тарихшылар ғана емес, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері бұл оқиғаны қазақтарға қарсы бағытталған геноцид немесе «геноцидтік сипаты бар саясат» деп бағалайды. Дегенмен үкімет аштықты ресми түрде геноцид деп мойындаған жоқ. Оның орнына 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде белгіленген.

Украина 1932–1933 жылдардағы Голодоморды геноцид деп ресми түрде таныды. Ол заңды Жоғарғы Рада 2006 жылы қабылдады.

Сондай-ақ оқыңыз