Зеленскиймен тағы кездескен Трамп Украинаға барып, парламентте сөйлемек

АҚШ президенті Дональд Трамп соғысты тоқтату үшін Украинаға барып, жергілікті парламент алдында сөйлеуге дайын. Ақ үй басшысы жексенбі күні украин президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.
Үш сағатқа созылған келіссөз
Маңызды саяси жүздесу Трамптың Флорида штатындағы Mar-a-Lago клубында өтті. Зеленскиймен кездесуден бұрын америкалық президент Ресей басшысы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескен.
Трамп пен Зеленский арасындағы келіссөз шамамен үш сағатқа созылды. Оған Еуропа одағының жетекшілері де қашықтан қосылды. Талқылауға Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Польша, Норвегия басшылары, сонымен бірге НАТО бас хатшысы және Еуропа комиссиясының төрағасы да араласты. Фин президенті Александр Стубб осылай деп жазды.

Содан кейін АҚШ пен Украина президенттері журналистер алдына шықты. Трамп келіссөздерді «керемет өтті» деп бағалады.
«Мақсатқа өте жақынбыз деп ойлаймын. Қол созым жер қалған сияқты», – дейді Трамп. Президент мәлімдемесін CNN таратты.
Трамптың айтуынша, тараптар «соғысты аяқтау үшін айтарлықтай ілгері жылжыды». Ол әлі шешімін таппаған «бір-екі күрделі мәселе» барын жасырмады. Солардың бірі – жер мәселесі.
Донбасс тағдыры
Ресей Украинадан елдің шығысындағы Донбасс өңірінен бас тартуды талап етіп отыр. Киев оған келіспейді. Өйткені жер беру туралы шешімді басшылық емес, халық қабылдауы тиіс. Трамп та Донбасс тағдыры әлі шешілмеген айтты.
«Біз осы мәселе бойынша келісімге келуге жақындап қалдық. Өте маңызды мәселе», – дейді Ақ үй басшысы.
Бұған дейін АҚШ ол өңірде еркін экономикалық аймақ құруды ұсынған.
Трамп Киевке бара ма
Украина мен Ресейді татуластыру үшін қажет болып жатса, Трамп Украинаға барып, осы елдің парламенті алдында сөйлеуге әзір.
«Мен Украинаға сапарға шығудан тайсалмаймын. Бірақ әзірге ондай жоспар жоқ. Келіссөзді аяқтағым келеді, ол үшін жол жүрудің қажеті шамалы», – деп есептейді америкалық президент.
«Мен солардың парламенті алдында сөз сөйлеуді ұсындым. Көмектесе ме, жоқ па – нақты білмеймін. Бірақ мұны кімнің қалай қабылдайтыны да түсініксіз», – деп күмәндана сөйледі Трамп.
«Мәрхабат», – деп жауап берді Зеленский Трамп ұсынысын құптаған сыңай танытып. Қос президенттің осы диалогын CNN жариялады.

Түпкілікті шешімді халық қабылдайды
Украин президенті жер мәселесін халық референдум көмегімен шешетінін тағы атап өтті.
«Біз бейбіт жоспардың әр тармағы бойынша референдум өткізе аламыз. Украиналықтар дауыс беруі тиіс, өйткені ол бір адамның емес, тұтас ұлттың жері«, – дейді ол.
Оның айтуынша, келіссөз барысында бейбітшілік жоспарының жиырма тармағы жеке-жеке талқыланған. Тараптар соның 90%-на келісіп отыр. Олардың арасында қауіпсіздік кепілі мәселесі де бар.
Зеленскийдің айтуынша, Украина мен АҚШ делегациялары қалған тармақтарды келістіру үшін осы аптада тағы кездесуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, украин басшысы бауырлас көрші елмен арадағы соғысты аяқтауды көздейтін бейбітшілік жоспары жобасын алғаш рет 2025 жылғы 24 желтоқсанда жариялаған.