Тоқаев Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне қатысты жиын өткізді

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Совет Безопасности
Тоқаев Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігіне қатысты жиын өткізді / Фото: Акорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізіп, елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қатысты бірқатар тапсырмалар берді, деп хабарлайды Ақорда.

Тоқаевтың сөзінше, аграрлық секторға, өнеркәсіп пен экономиканың басқа да салаларына су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу маңызды. Сондай-ақ, энергетикалық қауіпсіздік еліміздің тәуелсіздігі мен экономикалық орнықтылығын қамтамасыз ететінін атап өткен.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов тақырып төңірегінде баяндама жасаған.

«Бүгінде Қазақстанның электр қуатын өндіруге қажетті ресурстары жеткілікті. Дегенмен сұраныстың ұдайы артуы қуат көздерін ұтымды әрі оңтайлы пайдалануды талап етеді. Кеңесте отандық электр қуатын қажеттілікке қарай икемдеп өндіру мәселесі қозғалды. Соның ішінде газ генерациясы, энергия сақтау жүйелерін дамыту жоспарларымен қатар гидроэнергетиканың әлеуеті өзекті саналады», – делінген Ақорда хабарламасында.

Бұған қоса, президент саланың ғылыми-техникалық және кадрлық жай-күйіне айрықша назар аудару, гидроэнергетика бағытындағы ғылыми-зерттеу базасын дамыту үшін кәсіби кадрларды даярлау туралы да сөз еткен.

Президент Үкіметке және өңір әкімдеріне отандық энергетика жүйесінің тұрақтылығына қатысты мәселелерді жан-жақты шешу тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз