Жаңалықтар

Депутат азаматтардың деректерін жекеменшік жүйелерде сақтауға тыйым салуды ұсынды

Фото: kursiv.media

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева қазақстандықтардың мемлекеттік қызметтерге қатысты деректері жеке платформаларда емес, тек мемлекеттік жүйелерде жиналып, сақталуға тиіс екенін мәлімдеді.

«Жеке жүйелердің деректерді жинамауы, локализацияламауы, сақтамауы мәселесін шешу керек. Яғни мемлекеттік қызмет көрсету мен мемлекеттік функцияларға байланысты деректер тек мемлекет тарапынан жиналып, оның қорғауында болуы тиіс», – деді Смышляева Мәжіліс кулуарында.

Kundelik-тегі оқушылардың жеке дерегі

Смышляева Kundelik платформасынан оқушылар деректерінің таралуына қатысты соңғы жағдайға да пікір білдірді. Оның айтуынша, тергеу әлі жүріп жатыр, мұндай мәселелер тез шешілмейді, бірақ тиісті салдары болады.

Депутат қолданыстағы жаза нормалары жеткілікті түрде қолданылмайтынын, ал құқықтық қолдану тәжірибесі тым тар екенін атап өтті.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті бақылау жүргізеді

Депутат жақында Президенттің ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерін бақылауды Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беру туралы Жарлығы шыққанын еске салды. Ол бұл шешімді орынды деп бағалады, себебі мұндай нысандар жеке деректердің үлкен көлемімен байланысты.

Цифрлық кодекс қабылданды. Онда ақпараттық жүйелердің ретсіз көбейіп кетуін жүйелеуге бағытталған бірқатар жаңашылдық бар, – деді Смышляева.

Еске сала кетейік, Kundelik.kz-ке 2016-2020 жылдары оқушылардың жеке деректері таралып кеткен үшін, яғни цифрлық қауіпсіздікті бұзғаны үшін айыппұл салынды.

Kundelik – Қазақстандағы мектептердің басым көпшілігі пайдаланатын электрондық күнделік платформасы. Бұл сервис ресейлік «Дневник.ру» компаниясының технологиясы негізінде жұмыс істейді. Аталған компанияның құрылтайшылары қатарында «Innovation Process Group» ЖШС мен «MP Innovations» ЖШС бар.