100 заң қабылданды: Ерлан Қошанов жылды қорытындылады

Ерлан Қошанов биылғы жылдың соңғы жалпы отырысында Палата жұмысын қорытындылады. Мәжіліс төрағасының айтуынша 2025 жылы 100 заң қабылданған, оның 24-іне депутаттар бастамашы болды.
Қошанов алдымен 2025 жылдың маңызды оқиғаларына тоқталып өтті.
Конституцияның 30 жылдығы мен рақымшылық заңы
Мәжіліс спикері Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң қабылданғанын еске салды. Осы заң аясында елдегі 17 мыңға жуық сотталған адам осы рақымшылық талаптарына ілікті.
Ішкі және сыртқы саясат
Ерлан Қошанов жыл қорытындысында елдің саяси өміріндегі маңызды бағыттарға да тоқталды.
Ішкі саясат тұжырымдамасы әзірленеді
Президент Мәжіліс депутаттарының Ішкі саясат тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі бастамасын қолдады. Бұл құжатта Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаға ерекше мән берілген. Қоғамдық палата бүгінде кеңесші орган ретінде өзінің тиімділігін көрсетіп отыр.
Халықаралық аренадағы белсенділік
2025 жыл – Қазақстан үшін сыртқы саяси қарым-қатынастарда белсенділік артқан кезең болды. Мемлекет басшысы:
- БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясына,
- Қытайдағы ШЫҰ саммитіне,
- Тәжікстандағы ТМД елдері көшбасшылары кеңесіне қатысып, маңызды бастамалар көтерді.
Сондай-ақ Президент Түркі мемлекеттері ұйымының Будапешттегі бейресми саммитіне қатысып, Қазақстанның халықаралық ұстанымын нығайтатын басқа да кездесулер өткізді. Жыл ішінде стратегиялық сапарлар мен шетелдік лидерлердің Қазақстанға келуі де белсенді өтті.
Парламенттік дипломатия
Сыртқы байланыстарда парламенттік дипломатия да қарқын алып келеді. Маусым айында Астанада Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) 14-ші жалпы отырысы өтті. Бұл жиында төрағалық Қазақстанға өтті. Осы маңызды жиын аясында Мемлекет басшысының ТүркПА-ға мүше елдердің парламент спикерлерімен жеке кездесуі – Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықтағы орнын айшықтайтын тағы бір айғақ болды.
100 заң қабылданды, 5 кодекс жаңартылды
Мәжіліс 100 заң қабылдады. Оның ішінде 24 заңға депутаттар бастамашы болды.
«Сондай-ақ, еліміздің негізгі құжаттары – Су, Бюджет, Салық, Құрылыс және Цифрлық кодекстер бойынша жұмысты аяқтадық. Олардың әрқайсысы қоғамда қызу талқыланды. Жекелеген нормалар Парламент қабырғасында, сарапшылар қоғамдастығында жан-жақты пікірталас тудырды, тіпті сын да айтылды. Осы істің нәтижесі ретінде елдің ұзақ мерзімді мүдделеріне қызмет ететін шешімдер қабылданып, Парламенттің ашық әрі тиімді жұмыс істегенін атап өтуге болады«, – деді Ерлан Қошанов.
2025 жылы қабылданған маңызды заңдар
- 2025 жылы Мәжіліс қабылдаған заңдардың ішінде қоғамға тікелей әсер ететін бірнеше маңызды құжат бар. Солардың бірі, «Жасанды интеллект туралы» заң. Қазақстан бұл бағытта арнайы заң қабылдаған Еуропалық Одақтан кейінгі екінші ел атанды.
- Сонымен қатар депутаттар лудоманияға қарсы күрес шеңберінде букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына тыйым салды.
- Некеге тұруға мәжбүрлеуге тыйым салу. Бұл нормалар адамның ар-намысы мен таңдау еркіндігін қорғауға бағытталған.
- Телефон және интернет алаяқтығына қарсы нақты шаралар қабылдады.
- Алаяқтықтың жаңа түрлері мен технологиялық айла-шарғылардың көбеюі қоғамда алаңдаушылық туғызғандықтан, депутаттар заңнамалық деңгейде жауап қатты.
Әлеуметтік саладағы өзгерістер
2025 жылы Парламент әлеуметтік саясатты күшейтуге бағытталған бірқатар маңызды заңдарды қабылдады.
Негізгі бастамалар:
- Мемлекеттен білім капиталы қарастырылған «Келешек» жүйесі іске қосылды.
- Халықаралық олимпиада жеңімпаздарына гранттар конкурссыз беріледі, соның ішінде «Болашақ» бағдарламасы да бар.
- I топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға күтім жасайтын жәрдемақы алушылар гранттарды жұмыспен өтеуден босатылады.
Денсаулық сақтау саласы
- Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жаңартылып, бірыңғай көмек пакеті енгізілді.
- Онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған тегін онкоскрининг жүйеге қосылды.
- Есту қабілеті төмен, бірақ мүгедектігі жоқ азаматтарға есту протезі тегін беріледі.
Тұрғын үй саласы
2025 жылы үлескерлік құрылыс саласына қатысты маңызды өзгерістер қабылданды. Енді үй-жайларды алдын ала сатып алу шарттарын жасауға тыйым салынды.
Сонымен қатар, Парламент құқық қорғау саласында қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына әлеуметтік қолдау тетіктерін енгізді. 1991–2021 жылдар аралығында асыраушысынан айырылған 500-ден астам отбасыға ай сайынғы жәрдемақы төлеу мәселесі шешімін тапты.