Алматы бюджетіне «Сергек» камераларынан 94 миллиард теңге түскен

Алматы бюджетіне бес жыл ішінде «Сергек» жүйесінің айыппұлдарынан 94 миллиард теңге түсті. Бұл туралы Алматы мәслихаты депутаттарының отырысында белгілі болды.
Депутат Алтынай Көбеева жобаның тиімділігін атап өтіп, оның қаладағы жол көлік оқиғасына және қалалық бюджетке қалай әсер еткенін туралы сұрақ қойды.
«Шарттың қолданылу мерзімінің 5 жылы ішінде барлығы өндірілді. 14 миллиард теңге мемлекеттік міндеттемелерді алып тастағанда5 жыл ішінде 94 миллиард теңге айыппұл өндірілді. Бұл қаржы Алматы қаласының бюджетіне түседі», – деді Қала цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мейрам Дүйсеков.
Сондай-ақ, ол мегаполис жолдарындағы жол көлік оқиғасын салдарынан болатын өлім-жітім 30 пайызға төмендегенін, ал ЖКО-ның жалпы саны жыл сайын шамамен 10 пайызға қысқаратынын атап өтті.
30 желтоқсанда Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс XI сессиясы өтті. Сессия барысында «Сергек» жобасы бойынша «Көркем Телеком» компаниясымен серіктестікті тағы бір жылға, яғни 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзарту туралы шешім бірауыздан қабылданған еді.