Жаңалықтар

Қысқы Олимпидада туды кім ұстап шығады

Фото: Үкімет

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Миланда өтетін XXV Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның Мемлекеттік туын кім алып шығатыны әлі белгісіз екенін мәлім етті.

Үкіметте министр Kursiv.Media тілшісіне берген жауабында қысқы Олимпиаданың лицензияларын алу әлі аяқталмағанын айтты. Лицензия қаңтар айының соңында аяқталғаннан кейін, қай спортшы туды алып шығатыны айқындалмақ.

«Біз толық лицензиялар алып болмағанша болжам жасамаймыз. Қоғаммен, Президент әкімшілігімен ақылдасып анықтаймыз. Олимпиаданың ашылу салтанатынан кейін кейбір спортшылар ертеңінде мәреге шығады. Сол себепті оған да қараймыз. Ертеңінде жарыс алаңына шықса, оны Ту ұстауға жібермейміз. Бірінші ол лицензия, жарыс бағдарламасын зерттеп қана айқындаймыз. Қоғамдық кеңесте болған жоқпын. Ол жерде спортшыларды ұсынған болар, бірақ әлі қабылданған жоқ», – деді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін спорт журналисі Аслан Қаженов «Бір қазақ табылмады ма?» деген тақырыппен жазба қалдырған.

Оның мәліметінше, Милан олимпиадасында Туды Денис Никиша мен Яна Хан ұстап шығады. Спортқа жауапты министрліктің Қоғамдық кеңесінде осындай шешім қабылданған.

«Ұлтшыл деп сөгетін шығарсыз. Бірақ, үнсіз қалуға тағы болмайды. Қысқасы, осы туды ұстап шығатын бір қазақ баласы табылмады ма?! Шорт-тректе не фристайлда ел намысын қорғайтын қандастардымыз ше?! Олар неге ескерілмейді? Олар неге шет қалады? Кеңесте әлгі екеуін асыра мақтаған Нұрлан Есембаев осыған да жауап берсін! Иә, Никита мен Янаның жетістіктері жақсы. Оларға қарсы да емеспін. Бірақ, басқалардың да көрсеткіштері артық болмаса, кем емес қой. Онсыз да әр олимпиадада ту ұстайтын екеуінің біреуі қазақ болатын. Енді көк туымызды ұстайтын бірде-бір қазақ жоқ па?! Біз қай елде өмір сүреміз? Біз қай халықтың ұрпағымыз? Біз қай жұрттың мүддесін қорғаймыз? Спорттың басында осындай ағалар тұрғанда ешқашан көгермейміз. Өкінішті…», – деп жазды ол.

XXV Қысқы олимпиада ойындары Италияның Милан және Кортина-Д’Ампеццо қалаларында 6 – 22 ақпан аралығында өтеді. Жарысқа 93 елден 3 000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Барлығы 116 марапаттар жиынтығы ойнатылады. Қазақстаннан 35-ке жуық спортшы барады.