Кинобизнес қарқынды дамып келеді: 2025 жылы ең көп касса жинаған фильмдер

Жарияланды 30 Желтоқсан 2025 12:40

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: ЖИ

Қазақстандағы киноиндустрия соңғы жылдары үлкен серпін алып келеді. Қалың көрермен шетелдік фильмдерге ғана емес, отандық туындыларға да белсенді қызығушылық танытып отыр. Нәтижесінде қазақстандық фильмдер прокатта миллиардтаған теңге жинап, жаңа рекордтар орнатып жатыр. Kursiv Lifestyle 2025 жылы ең көп касса жинаған фильмдердің тізімін ұсынады.

1-орын – «Аңдар шаһары 2»

Әлемге әйгілі Disney киностудиясы түсірген анимациялық хиттің жалғасы Қазақстан прокатында 2 млрд теңгеден астам қаржы жинап, 2025 жылдың абсолютті көшбасшысына айналды. Фильмге деген қызығушылық барлық жас санатындағы көрермен арасында жоғары болды.

Продюсерлер танымал франшизаның жалғасы болатынын жариялады.

«Зверополис 2»
Фото: фильмнен кадр

«Ыстық ұя» – 1,754 млрд теңге

Продюсер әрі актриса Дариға Бадыкованың фильмі 2025 жылғы ең табысты отандық туынды болды. Картина бірнеше жыл Оңтүстік Кореяда жұмыс істеп, кейін туған ауылына оралған әйелдің тағдырын баяндайды. Өз қаражатына үй салдырғанымен, туған-туыстарымен қауышу орнына тартыс, қақтығыс пен ішкі бәсекеге тап болады.

Фильм қысқа уақыт ішінде шамамен 1,7 млдр теңгеге жуық табыс жинап, 2023 жылғы Бадықованың «Таптым-ау сені» (1,8 млрд теңге) фильмінің рекордына жақындады.

Айта кетейік, «Таптым-ау сені 3» фильмі 2026 жылдың наурыз айында кинопрокатқа шығады.

Фото: фильмнен кадр

«Патруль. Соңғы бұйрық» – 1,7 млрд теңге

Рүстем Омаровтың танымал сериалға негізделген толықметражды фильмі көктем–жаз маусымының басты хитіне айналды. Сюжетте президенттің Семей қаласына сапары және оны алып жүретін полиция кортежі төңірегіндегі тартыс баяндалады. Қылмыстық оқиғалар мен әзілге толы экшн-комедия көрермен көңілінен шықты.

Танымал кейіпкерлер мен жаңа жұлдыздардың қатысуы фильмнің коммерциялық табысын қамтамасыз етті. Алайда фильмнің тұсаукесері алдында актер Шәріп Серік сүйіктісіне қол көтерген видеосы тарап, қамауға алынған. Фильмнің продюсерлері туындыдағы Шәріп Серік бар кадрларды кесіп, премьерасын кейінге шегірген еді.

Патруль
Фото: фильмнен кадр

«Молда» – 1,5 млрд теңге

«Өнер қырандары» театрының алғашқы кинотуындысы комедиялық-драма жанрында түсірілді. Оқиға қылмыстық ортада жүрген жас жігіт Макенің өмірін баяндайды. Заңсыз істерден бас тартып, қашып жүріп оңтүстіктегі шағын ауылға тап болады. Сол жерде жергілікті молда оны өз орнын басатын адам ретінде көреді.

Рухани ізденіс пен ішкі өзгерісті суреттейтін ерекше сюжет көрермен тарапынан жақсы қабылданып, фильм 1,5 млрд теңге жинады.

Фото: фильмнен кадр

«Қолыңнан келсе алып қаш» – 1,4 млрд теңге

Бесінші орынды Дархан Сәркенов түсірген комедия иеленді. Фильмде 35 жастағы Самал есімді қыздың тұрмыс құруға қатысты сенімі мен қорқынышы баяндалады. Балгердің болжамына сенген ол құрбыларымен бірге болашақ күйеуін іздеуге шығады. Тіпті оны ауылдан ұрлап әкетуге дейін барады.

Фильмнің табысты айналуына актерлік құрам әсер етті. Басты рөлде Зарина Кәрмен мен Қанат Тасқан ойнаған бұл комедия прокатта 1,4 млрд теңгеге жуық табыс жинады.

Фото: kursiv.media архиві

Бұдан бөлек, қазақ киносында бұрын соңды болмаған жанрындағы «Ауру«, «№37» және Qaitadan фильмдері де көрермендердің көзайымына айналды.

Айта кетейік, жылдың соңында прокатқа әйгілі «Аватар: От пен күл» мен Дәстүр: Теріс бата фильмдері шығып, соңғы аптада жақсы көрсеткіштер көрсетіп келеді.

Сондай-ақ оқыңыз