Жаңалықтар

Маңғыстау мен Зайсанда казино салынады

фото: ашық дереккөзден

Елде казино саны көбейеді. Қазір министрлік ойын аймақтары пайда болатын өңірлерді нақтылап жатыр. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов айтты.

29 желтоқсанда Мәжілісте туристік қызметке қатысты түзетулер екінші оқылымда қабылданған еді. Құжат бойынша елде казино қызметі көбейеді. Бурабай мен Қапшағайдан бөлек, казинолар Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында, Панфилов ауданында Алакөл жағалауында, Жетісу облысында, Алматы облысының Талғар ауданында, Марқакөл өңірінде және Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында пайда болады.

«Иә, туризмді дамыту мақсатында өзіңіз атап өткен өңірлерде ойын аймақтарын құру бойынша түзетулер қабылданды. Мәселені нақтыласақ, біз аймақтарды белгілейміз, бірақ жағалаудың нақты қай учаскесінде ашылатынын жергілікті атқарушы органдар анықтайды. Біз ойын аймақтарын құрып, бекітеміз, ал нақты аумағы инфрақұрылымға және басқа да жағдайларға байланысты жергілікті әкімдіктер тарапынан айқындалады», – деп мәлімдеді Ербол Мырзабосынов.

Бірақ министр ойын бизнесі үшін салық жүктемесін төмендетпейтініне сендірді.

«Әрбір жаңа казино 2-ден 3 миллиард теңгеге дейін салық төлейді және шамамен 500 жұмыс орнын ашады. Сондай-ақ, бұл туризмді дамыту мақсатында жасалып отырған халықаралық тәжірибе. Салықты азайту туралы мүлдем сөз қозғалған емес. Өздеріңіз білетіндей, казино әрбір үстел үшін салық төлейді», – деп толықтырды министр.

Айта кету керек, бұл мекемелерде Қазақстан азаматтары емес, шетелдік туристер ғана бәс тіге алады.

Дегенмен қазақстандықтар бірдей ойын аймақтарының көбеюін қолдай қоймайды. Осы жылы күзде Бурабай тұрғындары казино салуға қарсы петиция жариялаған. Олар экологияға алаңдап, ойын бизнесін басқа жерге көшіруді талап етеді.