Жаңалықтар

Қазақстаннан Ресей, Өзбекстан мен Түркияға ақша көп аударылады

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

2025 жылдың қараша айында Қазақстаннан шетелге 55,5 млрд теңге аударылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,4%-ға аз. Аударымдар саны да 138,1 мың транзакцияны құрап 9,6%-ға кеміді. Бұл туралы Ұлттық банк статистикасында жазылған.

Негізгі тенденция – қазақстандықтар ақша жіберуде ұлттық валюта – теңгені көп қолдануға көшті. Егер 2024 жылы доллар негізгі валюта болып, аударымдардың 52,4%-ын құраса, қазір 57% қаражат теңгеде жіберілуде, ал доллардың үлесі 31%-ға төмендеді.

Қай елдерге ақша көп аударылады

Қазақстаннан аударылатын ақшаның басым бөлігі Ресейге жіберіледі. Аударылған ақша көлемінің 36,8%-ы немесе 20,4 млрд теңге көрші елге кеткен. Өзбекстан мен Түркияға аударым көлемі азайды: сәйкесінше 13,0 млрд (23,4%) және 9,9 млрд теңге (17,9%).

Сонымен қатар Грузияға – 3,5 млрд (6,3%), Қырғызстанға – 2,0 млрд (3,7%), Қытайға – 1,6 млрд (3%), Арменияға – 1,2 млрд (2,2%) және Әзербайжанға 1,1 млрд теңге (2,1%) жіберілген.

Қандай жүйелерді қолданады

Қазақстандағы негізгі халықаралық аударым жүйесі – «Золотая Корона»: транзакциялардың 90,7%-ын құрап, жалпы 45,7 млрд теңге аударылды.

Western Union арқылы 5,6% транзакция жасалып, көлемі 6,8 млрд теңге болды. MONEYGRAM пен UPT жүйелері әрқайсысы 2% шамасында үлес қосып отыр.

Шетелден алынған аударымдар

Шетелден Қазақстанға аударылған ақша көлемі қарашада 17,3 млрд теңгені құрады. Транзакция саны 43,2 мыңға жетіп, өткен аймен салыстырғанда 10,4%-ға азайды.

Алдыңғы қатарда Ресей (4 млрд теңге, 23%), АҚШ (2,7 млрд, 15,4%), Өзбекстан (2,1 млрд, 12,3%) және Түркия (2,0 млрд, 11,4%) келеді. Германия, Корея Республикасы және Грузиядан да елеулі қаржы аударылған. Шетелден қаражат негізінен доллармен түскен.

2025 жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстаннан шетелге аударылған ақша көлемі соңғы бес жылдағы ең төменгі көрсеткішті байқатты.